Жасұлан Досымовтың жеткен жетістігі аз емес
Қызылордалық полицей Жасұлан Досымов өз ісінің мықты маманы. Ішкі істер қызметіне келгенге дейін ол самбодан ілемдік додаларда ел намысын қорғап жүрген, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Жасұлан Досымов самбо күресінен Қазақстан Республикасының және қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Оның алғашқы жаттықтырушысы Әділбек Серікбаев.
Ол самбодан Қазақстан Республикасының 2006-2007 жылғы чемпионы, құрама команда сапында әлем чемпионатының қатысушысы. Қазақ күресінен 2007-2008 жылдары Азия чемпионы атанған, сондай-ақ 2003 жылдан Қармақшы аудандық спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс атқарған.
Спортта шыңдалып 2009 жылы Қызылорда облысы Ішкі істер департаментіне жұмысқа қабылданды. Қазіргі уақытта Қызылорда облысы Полиция Департаментінің оқу-жаттығу взводының аға инспекторы, полиция майоры.
Оның ішкі істер саласында да жеткен спорттық жетістіктері аз емес. Атап айтар болсақ, 2010 жылы «Тіл жанашары» қоғамдық бірлестігі мен «Тіл» республикалық ақпараттық-сараптамалық басылымның ұйымдастыруымен тұңғыш рет мемлекеттік қызметкерлер арасында қазақша күрестен өткен республикалық сайыста Жасұлан Досымов бас бәйгені жеңіп алды. Сонымен қатар 2011 жылы Қызылорда облысының «Сыр барысы» іріктеу сынында «Сыр сұңқары» атымен күрескен Жасұлан жеңімпаз атанып «Қазақстан барысына» жолдаманы жеңіп алды. Осы уақытта Жасұлан Досымов самбо күресінен ҚР ІІМ-нің 3 дүркін жеңімпазы, 2 дүркін күміс жүлдегері, 1 рет қола жүлдегері атанды.
Еліміздің даңқты батыры Кеңес Одағының батыры Т.Көмекбаев атындағы қазақша күрестен Қармақшы өңірінде дәстүрлі өткізіліп келе жатқан Халықаралық турнирдің 4 дүркін чемпионы болса, 2 рет осы турнирде абсолют салмақта «Түйе балуан» атағын жеңіп алған.