Пластик ыдыс сатуға тыйым салынды
Еуроодақ аумағында 2021 жылдан бастап бір реттік пластик ыдысты сатуға тыйым салынады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz«Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
«Қара тізімде» тәрелке, стақан, қасық, сусын ішуге арналған түтіктер, тағам салатын контейнерлер мен полистиролдан жасалған мақта таяқшалары бар. Бұл тыйымды қолдап, Еуропарламенттің 560 депутаты дауыс беріп, 35-і қарсы болған. Заң күшіне енуі үшін, оны Еуроодақ Кеңесі мақұлдауы қажет. Еурокомиссияның мәлімдеуінше мұхит пен теңіздердегі қоқыстың 80 процентінен астамы - пластик. Сарапшылардың айтуынша, енді жүгері немесе қант қамысынан жасалған ыдырайтын пластикті пайдалануға болады. Бірақ оның бағасы едәуір қымбат.
Дамьен Амельрик, мейрамхана иесі:
- Биологиялық жолмен ыдырайтын сүт қышқылынан ыдыс жасау пластиктен қымбат. Мысалы, ондай шанышқының бағасы 4 есе жоғары. Сондықтан бұл әрине ақша мәселесі. Бірақ пайдамды азайтса да осындай ыдыс қолданамын деп шештім. Себебі қоршаған ортаға келтіретін зияны аз. Жауапты болып, жаһанымыз бен адамдардың денсаулығын сақтауға бар күшімізді салуымыз керек.