Жер-су атауларына мән беріп жүрміз бе?
Дүние жүзінде сан мыңдаған,тіпті миллиондаған географиялық атаулар немесе жер-су атаулары (ғылыми тілде топонимдер) айналыста жүреді. Олар кез-келген тілдің сөздік қорының айтарлықтай бөлігін құрайды. Бір тілден екінші тілге ауысып, оны ұдайы толықтырып отырады. Бұл үрдіс барысында жергілікті тілдің ерекшеліктеріне сәйкес түрлі өзгерістерге ұшырайды (транскрипцияланады).
Дүние жүзі картасындағы географиялық атаулар қазақ тіліндегі айналымға негізінен орыс тіліндегі транскрипциясы арқылы енгені белгілі. Бұл мәселеде қол жеткен табыстарымыз ауыз толтырып айтарлықтай. Сонымен бірге түрлі тарихи кезеңдерде кеткен және қазірге дейін орын алып келе жатқан олқылықтар мен қателіктеріміз де аз емес. Мұндай кемшіліктер көп жағдайда географиялық атауларды қазақ тіліне транскрипциялаудың негізіне алынып келген орыс тілінің қағидаларына сөзсіз бас июден туындап отырғанын байқау қиын емес. Кеңес дәуірі кезіндегі бір кезеңде географиялық атаулар менаберрациялар орыс тілінде қабылданған нұсқасынан айнымауы керек деген қағида ұстанғанымыз сол кездегі ұрпақтың есінде болар. Соған орай біраз уақыт Орал-Урал, Сібір-Сибирь, КСРО-СССР, Кавказ алды-Предкавказье, Кавказ сырты- Закавказье, Байкал маңы-Прибайкалье т.с.с. түрінде алынып келді. Әрине, мұндай жалтақтаушылық әсіресе мектеп оқулықтарының сапасына кері әсерін тигізгенін айтпасақ та түсінікті. Бертін келе мұндай ағаттықтар біршама жөнделгенімен географиялық атауларды орыс тіліндегі нұсқасына қарап бейімдеп транскрипциялаудан әлі күнге дейін арыла алмай келе жатқанымыз жасырын сыр емес. Мұндай жағдай бәрінен бұрын орысша септеу ерекшеліктерін ескермеуден туады. Оған төменде келтірілген мысалдар дәлел бола алады.
Кеңес үкіметі жылдарында тек географиялық қана емес, сонымен бірге тарихи әдебиетке көбірек қолданыс тапқан атаудың бірі: Балтық: Балтық теңізі, Балтық маңы елдері, Балтық флоты, Балтық теңізшісі….. Бұл атауларды керісінше орысша транскрипцияласақ Балтикское море, Прибалтикские страны, Балтикский флот, Балтикский матрос болып шығар еді. Бұдан орыс тілінің ықпалымен жалғанған қазақ тіліндегі ық жалғауы артық екендігі көрініп тұр. Атаудың негізіне балт сөзі алынған. Сондықтан жоғарыда келтірілген атаулар Балт теңізі, Балт маңы елдері т.с.с. түрінде алынуы керек.
Сібірдің солтүстік-шығысындағы чукча халқының атына байланысты атаулар көп жылдар бойы орысша айтылуының ізімен Чукот деп алынып келді. Чукот теңізі, Чукот түбегі, Чукот тауқыраты т.с.с. Бұл атау мектеп оқулықтарының аудармасын дайындау барысында чукчаға өзгертілді (Чукча түбегі т.с.с)
Жерорта теңізінің Апенин мен Балқан түбектері аралығындағы бөлігін Адрия теңізі алып жатыр. Бұл ат теңізге б.з.д. сауда айналымында үлкен орын алған Адрия портты қаласынан қалған атау қазақ тіліндегі оқулықтар мен карталарда Адриат теңізі деп бұрмаланып жүр.
Атлант мұхитының Солтүстік Америкаға таяу бөлігі қазақ оқырманына Саргасс теңізі деген атпен белгілі. Теңізді 1492 жылы Колумбының экспедициясы ашқан. Саяхатшылар судың бетін жаппай қаптап басып жатқан қоңыр түсті балдырды Португалияда өсетін сарга жүзіміне ұқсатқан. Содан Сарга теңізі атауы туған.
Тынық мұхиттың Оңтүстік Америкалық жағалауын бойлап өтетін ағыс мектеп оқулықтары мен карталарда Перуан ағысы деп жазылып жүр. Ол орысша Перуанское течение дегенге сәйкес келеді. Дұрысы Перу ағысы.
Осы сияқты географиялық атаулардан туындаған Пизан (мұнарасы), артезиан (суы, құдығы), американдық (американец), мексикандық (мексиканец), аффрикандық (африканец) тектес бұрмаланып транскрипцияланған сөздер жиі кездеседі. Олар Пиза, артезиа, америкалық, мексикалық, африкалық түрінде қолданылса дұрыс болар еді.
Дүние жүзіндегі ең ірі көл-Каспидің аты орыс тіліндегі септелу ізімен (Каспийское море) «Й» тіркеліп жазылып жүр (Каспий теңізі). Ежелгі гректер оны әр кезде Гиркан, немесе Каспи теңізі деп атаған. Ол орта ғасырларда Хазар, Ширван, Апшерон, Хорасан т.б. аттармен белгілі болған. Сөйтіп, атаудың жалпы саны 50-ге дейін барған. Солардың ішінде Каспи атауы көбірек қолданылып, біздің заманымызға дейін жеткен. Тарихшылардың жазбаларында теңіздің оңтүстік жағалауында каспи деген жауынгер халықтың мекендегендігі айтылады. Олар парсылармен қосылып, гректерге қарсы соғысқа қатысқан.Талай рет грек легиондарын ойсырата жеңген. Осы жауынгер халықтың аты теңіздің атауы арқылы бізге дейін жеткен. Олай болса атау Каспий емес, Каспи болуы керек.
Алтайдағы тау аралық, аса ірі, көрікті көл Телец көлі (Телецкое озеро) деп айтылып жүр. Атау ежелгі түркілердің теле немесе телес тайпасының атымен байланысты. Сондықтан ол Телец емес, Телес көлі түрінде айтылуы керек.
Сібірді оңтүстігінен жиектейтін тау белдеуінің ең батыс шетіндегі жота географиялық оқулықтарда, энциклопедиялық басылымдарда, тіпті жер-су атаулары сөздіктерінде (Е.Қойшыбаев) Кузнецк жотасы түрінде қабылданылып жүр. Бұл жота қаланың атынан (Кузнецк) алынған дегенге меңзейді. Шынында олай емес. Мәселенің анық-қанығына жету үшін қосалқы тарихи деректерге жүгінейік. Тарихшы Г.Ф.Миллер орыстар Батыс Сібірді жаулап алған кезде Томь өзенінің алабын темір қорыту және өңдеумен айналысқан татарлар қоныстанғанын айтады. Олар көршілеріне «темірші» деген атпен белгілі болған. Ғалым бұл жерде татарлар деген сөзді жалпы ішкі Азия тұрғындары деген мағанада қолданған сыңайлы. Миллердің пікірін Ш.Уалиханов айқындай түседі. Қазақ ғалымы «теміршілердің» түркілер екендігін ашып айтқан. Олар жайлаған жердің Алатау аталуы да соны көрсетеді. Орыстар жергілікті халықтың атауына сәйкес оны Кузнец (темірші) Алатауы деп атаған (кузнец-темірші деген сөздің аудармасы).
Азияның оңтүстік-шығысында Тайланд (тай елі) мемлекеті орналасқан. Мемлекеттің аты орысша транскрипцияда халық атына көптік жалғау (таи) тіркеу арқылы берілген.Қазақ басылымдарында да солай алынып жүр. Біз қазақша Таиланд емес, Тайланд түрінде алған дұрыс деп есептейміз. Бұлай деп атаудың ағылшынша түп нұсқасына да сәйкес келіп тұр. Дүние жүзі картасындағы географиялық атауларды қазақша транскрипциялағанда орыстардың «у» дің орнына «в», «ж»-ның орнына «дж», «ш»-нің орнына «ч», «ә»-нің орнына «а» (кейде «э») қолданатындығы көп жағдайда ескерілмей жүр.
Ұзақ жылдар бойы Еуропа – Европа, Еуразия – Евразия, Аустралия – Австралия түрінде транскрипцияланып келді. Еуропа және Еуразия атаулары соңғы кезде ғана дұрыс айтылып, жазылатын болды. Ал Аустралия кейде Аустралия, кейде сол бұрынғы қалпында Австралия болып жүр. Аустралия атауының мән-мағанасына жете түсініп, қолданысқа сенімді түрде енгізу үшін сөздің этимологиясымен қысқаша таныса кетейік.
Ежелгі дүние ғалымдарына дені солтүстік жарты шарда орналасқан Еуропа, Азия және Африка дүние бөліктері белгілі болған. Олар Жер шарының тепе-теңдігі үшін Оңтүстік жарты шарда да мөлшері сондай құрлық болуы керек деп болжаған. Оны-Террa инкогнита Аустралис (Белгісіз Оңтүстік Жер) деген атпен картаға да белгілеген. Ұлы географиялық ашылулар Оңтүстік полюстен субтропиктік ендіктерге дейін созылып кететін ондай құрлықтың жоқ екендігін анықтады. Бірақ оның аты Аустралияға қалған. Ол алдымен — Терра Аустралис (Оңтүстік жер) деп аталған. Кейінірек бұл атаудың тек -Аустралис (Оңтүстік) деген бөлігі ғана қалған.
Орыстар «ж» дан басталатын сөзге «д» қосып қатайтып айтатыны жайында мысалды көптеп келтіруге болады: Джомолунгма (Гималайдағы шың, Жер шарының ең биік нүктесі) Джанкой (Қырымдағы қала), Джайпур (Солтүстік Индиядағы қала), Джерси (Ламанш бұғазындағы арал), Джалалабад (Ауғанстандағы қала), Джебель (арабша тау атауының бастапқы бөлігі) т.б. Бұл топонимдер қазақша Жомолунгма, Жанкой, Жайпур, Жерси, Жалалабад, Жебел түрінде транскрипциялануы керек.
Құрамына «Ш» кіретін топонимдердің орыс тіліндегі нұсқасына сәйкес «Ч» арқылы айтылып, жазылуы да үйреншікті нәрсеге айналып кеткен. Чулым-(Обътың саласы және халықтың аты)-Шұлым, Чатырдаг(Қырым) Шатырдағ, Шелекен-(Каспи теңізіндегі арал)-Шелекен, Чебоксары (Ресей)- Шупашкар т.с.с. түрінде берілуі керек. Дағыстанның астанасы Махачкала- Махач және кала деген екі сөзден тұрады. Атау Дағыстандағы азамат соғысының батыры Магомед әлі Дахадаевтың құрметіне арналған. Магомед әлі-ерекше жылылықпен айтқанда Махач емес, Мақаш болуы керек (Мұқағали-Мұқаш, Қайырғали-Қайрош деген сияқты). Сонда қаланың аты Махачкала емес Мақашқала болады.
Құрамында «ә» дыбысы бар топонимдер орысша айналымға араб, парсы және түркі тілдерінен енген. Ондай топонимдерді қазақшаға транскрипциялағанда орысша нұсқасының өзгеріссіз сақталуы қате¬лікке алып барады. Бірнеше мысал келтірейік: Үндістан түбегіндегі Пәкстан мемлекетінің аты пәк (таза, «Күнәдән пәк») және стан (ел) деген екі сөзден құралған. Бұл атау Орыс тіліндегі транскрипциясының ізімен қазақшаға да Пакистан немесе Пакстан түрінде орынсыз сіңісіп кеткен. Осы сияқты Баб-эль-Мандеб (Сомали және Араб түбектерінің аралығындағы бұғаз), Дар-эс-Салам (Танзанияның астанасы) сияқты атаулар да түзетуді қажет етеді (Баб-әл-Мандеб, Дар-ас-Салам).
Географиялық атаулардың қазақша транскрипциясы жайында сөз болғанда басқа тілдерден енген бірқатар топонимдердің ұзақ уақыт айналымда жүруінің арқасында тілімізге сіңісіп, ыңғайланып кеткенін де естен шығармаған абзал. Ондай атауларға Ресей (Россия), Мәскеу (Москва), Орынбор (Оренбург), Омбы (Омск), Баянауыл (моңғолша Байн-Ола) т.б. жатқызуға болады. Оларды этимологиясына қарап бастапқы күйіне келтіремін деу (мысалы Ресей-Россия, Баян-ауыл-Баянаула т.с.с.) ағаттық болар еді.
Осыған ұқсас жағдай атау түзуші жалғау батыс еуропалықтардың тілінде жалғанып, орыс тілінде сол қалпында сақталған және қазақша да өзгеріссіз пайдаланылып жүрген топонимдер бар. Мәселен, Филипп топаралы-Филиппин топаралы, Карл штаты-Каролина штаты, Мария шұңғымасы – Мариана шұңғымасы түрінде енген (Филиппинес-Филиппины-Филиппин, Каролинас-Каролина-Каролина, Мариянес-Мариана-Мариана).
Осындай атаулар санатына дүние жүзіндегі барлық халықтардың тіліне енген Гибралтар атауы да жатады. Ол орта ғасырларда Пиреней түбегін жаулап алған арабтардың Жебел әл-Тәрік (Тәрік тауы) деген сөз тіркесінің өзгерген түрі. Бұл атпен алдымен түбектің оңтүстік шетіндегі тау, кейінірек — Жерорта теңізін Атлант мұхитымен қосатын бұғаз аталған.
Дүние жүзі картасындағы географиялық атаулардың дұрыс транскрипциялануы әр халықтың тіл мәдениетін жетілдіре түсетін іс-шаралардың қатарына жатады. Елімізде жазуды латын әліпбиіне көшіру үрдісінде мұндай іс-шара өзінің лайықты орнын алары сөзсіз.
Әлім БІРМАҒАМБЕТОВ,
профессор