Ми-8 тікұшағы апатқа ұшыраған жерден 10 әскеридің денесі табылған
Қызылордада Ми-8 тікұшағы құлаған жерде қаза болғандардың денесін іздеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 13 әскеридің әзірге тек 10-ның денесі табылған. Мамандар көп ұзамай тұлғаны анықтау процедуралары басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz kaz.nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Марқұмдардың туыстары оқиға орнына жеткен, алайда оларды апат болған аймаққа жақындатпай отыр. Тікұшақ құлаған аймақ қоршауға алынып, іздеу жұмыстары жалғасуда.
«Мүмкіндігінше сараптама жүргізіп жатырмыз. Қазір ол жұмыстарды аяқтадық. Көптеген бөлшектер жеткізілді. Сараптама жүргізіп, мүмкіндік болса, анықтау жұмыстарын жүргіземіз», - деді Қызылорда облысы бойынша сот сараптамасы орталығы директорының орынбасары Рахымжан Әліп.
Қаза болғандардың туыстары болған оқиғаның шындық екеніне әлі сене алмай отыр.
Сырым Мәсәлімнің әкесі Мәлкей Иманғалиев күні кеше ғана ұлымен телефон арқылы тілдескен. Ол ұшуға дайындалып жатқан. Қайғыдан қан жұтқан әке ұлының суретін қолына қысып ұстап алған.
«Қаза болғанын кеше түнде хабарлады. Әлі сене алмай отырмыз. 2007 жылы әскери институтты аяқтап, Ақтауға жіберілді. Сене алмай тұрмын. Не болды екен?», - дейді ұлынан айырылған әке.
Тікұшақтың не себепті құлағанын әскери прокуратура анықтайтын болады. Тергеу қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз.