Қызылордада «Соғым» жедел-профилактикалық шарасы өткізілді
Қызылордалық полицейлер мал ұрлығына қатысты «Соғым» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Жедел іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламаның талаптарын орындау мақсатында 26-28 наурыз аралығында жүргізілді. Мақсаты мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, ашу, ұрлықпен айналысқан азаматтарды анықтау болып табылады.
Полиция қызметкерлері ветеринарлармен бірлесіп, құжатсыз мал әкелу фактілерін, мал союға және ет сатуға арналған сертификаттың жоқтығын анықтау үшін сауда орындарында рейдтік іс-шараларды өткізді.
«Сұлтан», «Айтбек», «Отырар» сауда орталықтары және басқа да ет павильондары мен қалалық мал сою бекеттері тексерілді. Бұл жағдайда 4 мобильді патрульдік автокөліктер және 12 полиция қызметкері жұмыс жасады.
«Рейд қорытындысы бойынша 26 автокөлік тексерілді. Қызылорда облыстық полиция басқармасының бастамасымен барлық мал сою мен ет бөлуге арналған жерлерде бейнебақылау камералары орнатылды. Мал ұрлықтарының алдын алу үшін құжатсыз мал басын тасымалдайтын барлық көлік құралдарын тексеру ұйымдастырылды. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда Қызылорда облысы ветеринария бөліміне тексеру жүргізу үшін тиісті шешімдер қабылданады. Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады» - делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.