Кеңес мүшелері Сыр халқына Үндеу жариялады
Қызылордада «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің облыстық коалициясы мен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің біріккен отырысы өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Онда, жиылғандар Қазақстан Республикасының астанасын Нұр-Сұлтан қаласы деп атауға қолдау білдіру және ел тарихындағы ең маңызды әрі аса жауапты бұл шешімнің мәніне тоқталып, оның әрі қарай дамуымызға тигізер әсері жайында сөз қозғады.
Отырысты ашқан «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев ел мен халықтың мүддесін бірінші кезекке қойып, әрдайым дұрыс шешімдер қабылдай білген Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына сіңірген еңбегі жөнінде айтты.
«Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы ел тізгінін қолына ұстаған 30 жылға жуық уақытта Қазақстанның әлемге танылуына өлшеусіз үлес қосты. Тұралап қалған экономиканы аяғынан тік тұрғызып, елдің еңесесін көтерді. Ядролық қарудан бас тартып, әлемге бейбітшіліктің үлгісін көрсетті.
Ұлтаралық татулық пен діни конфессиялардың ауызбіршілігіне баса мән беріп, тұрақтылық пен тыныштықты ту етті. Әлемге тарыдай шашылып кеткен қазақтың басын қосып, атамекенге ат басын бұруына мүмкіндік жасады. Ал, Астананы әсем қала Алматыдан Арқа төріне көшірудегі Елбасының нақты шешімін нақты стартегиялық шешім екендігін уақыт өзі дәлелдеді, бүгінгі күні оған ешкімнің таласы жоқ», - деді Ибадулла Құттықожаев.
Біріккен шара соңында облыстық коалиция мен аймақтық «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелері бір ауыздан Сыр халқын Тұңғыш Президентіміз айқындап берген стратегиялық бастамаларды әрі қарай жүзеге асыруға астана атауын өзгерту туралы тарихи шешімге үн қосуға бағытталған Үндеу қабылдады.