Қорғаныс министрі тікұшақ құлаған жерге келді
Бүгін армиялық авиацияның тікұшағында әскери ведомство басшысы генерал-майор Нұрлан Ермекбаев МИ-8 тікұшағы апатқа ұшыраған жерге келіп, оқиға орнында жұмыс жасап жүрген мамандардың баяндамаларын тыңдады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар ауа райының қауіпті құбылысына тап болған жағдайда әрекет ету тәртібі бойынша ұшу және инженерлік-техникалық құраммен қосымша тренаж ұйымдастыруды ескертті.
Оған қоса, іздестіру мен шұғыл сәйкестендіруді, сот медициналық сараптаманы қамтамасыз ету және тергеу органдарымен келісу арқылы мәйітті жерлеу орындарына жеткізу керектігін айтты. Жергілікті атқару органдарымен өзара әрекет етуде жерлеуге арналған учаскелердің бөліну мәселесін шешу және әскери жөн-жоралғыны сақтай отырып, әскери қызметшілерді жерлеуді қамтамасыз ету.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің туысқандары мен жақындарына қажетті психологиялық, материалдық және өзге де көмек көрсету мен барлық әлеуметтік кепілдемелермен қамтамасыз ету қолға алынды. Заң бойынша барлық тиесілі әлеуметтік кепілдемелер мен төлемдерді іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қаза болғандардың отбасыларының әлеуметтік мәселелерін шешу, шефтілік пен әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін командалық құрам санынан жауапты лауазымды адамдарды бекіту туралы шешім қабылданды.
Оқиға болған жерде Қорғаныс министрлігінің арнайы құрылған комиссиясы өз жұмысын жалғастыруда.