1 сәуір: Атаулы күндер мен оқиғалар
Күлкі күнін тойлау Францияда бастау алғандығы айтылады. Ежелгі римдіктер «ақымақтар мерекесін» 17 ақпанда атап өткен. Ал Шығыс Үндістанда 31 наурыз күні «қалжыңдау салты» ежелден бар. Әзіл-қалжыңға бір иығын беріп тұратын қазақта да бұл күнге байланысты әртүрлі қызық әңгімелер бар. Ерте көктемнің ала құйын мінезін қалжыңмен жуып-шайғысы келген халық бұл күні жақындарын «алдауға» барын салады.
Халықаралық құстар күні.
Мерекенің шығу тарихы туралы нақты мәліметтер жоқ. Дегенмен, 1906 жылы 1 сәуір күні құстарды қорғау жөніндегі Халықаралық конвенцияға қол қойылғандығы айтылады. Конвенцияның негізгі қағидалары - жұмыртқа салу және жылы жаққа қайту мезгілдерінде құстардың барлық түрін қамқорлыққа алу, жоғалып кету қаупі бар құс түрлерін қорғау, құстарды аулаудың кейбір түрлеріне тыйым салу, құс өсіру және адамдарды табиғатты сақтауға сауаттандыру үшін қорықтар ашу.
1993 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» № 2069-XII Заңымен «Даңқ» ордені бекітілді. Орден тек қана күштік құрылымдар өкілдеріне ғана беріледі.
1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Министрлер кабинеті жанындағы Кеден комитеті құрылды.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Әділет министрлігі туралы ереже бекітілді.
2004 жылы Астанада «Астана-Думан» сатира және юмор орталығының тұсаукесер рәсімі өтті.
2005 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ресейдің Омбы қаласында Қазақстан Республикасының Консулдығы ашылды.
2007 жылы ел аумағында Қазақстан Республикасының «Ойын кәсіпкерлігі туралы» заңы күшіне еніп, соған сәйкес бұрын берілген лицензиялардың мерзімі аяқталып, ойын мекемелері енді тек ғана Қапшағай мен Бурабайда ашылатын болды.
2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы болашақ опера және балет театрының іргетасына капсула қалады. Театр Сарайшық пен Тәуелсіздік көшелерінің және Тұран мен Қабанбай батыр даңғылдарының бойында орналасатын болады. Жобаны «IT Engineering S.А.» атты швейцарлық компаниясының филиалы құрастырған. Ғимараттың ауданы 37,7 мың шаршы метрді құрайды. 2009 жылы Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы өз жұмысын бастады. Орталықтың мақсаты - халықаралық ұйымдар арасында өзара әрекеттестік орнату және толеранттылықтың қазақстандық үлгісін насихаттау.