Тікұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі
Қызылорда облысында тікұшақ апатынана қаза тапқан әскерилердің отбасына материалдық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Kyzyzlorda-news.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Тікұшақ апатынан өмірі қиылған 13 азаматтың 8-і – Ақтаудағы 30153 әскери бөлімінде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген Алматы облысының тумалары. Олар – майор Тимур Құдайбердиев, 3-санатты сержант Қайрат Нуспанов, аға сержант Мұрат Шарипов, кіші сержант Асхат Абдулманат, ефрейтор Мирас Жұматаев пен Қуаныш Сарқытбаев, Айдын Әбілдинов және лейтенант Аслан Айтбаевтар. Алматы облыстық әкімдігі мен Талдықорған әскери гарнизонындағылар қаза болғандардың үйлерін аралап, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты.
«Қаза тапқан әскерилердің біразы бұрын Талдықорған әуе базасында бізбен бірге қызмет етіп, осы жылдың қаңтар айында Ақтауға ауысқан еді. Олардың отбасына Қорғаныс министрлігі тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. 5 жылдық жалақысын төлеп, үйлерін жекешелендіріп береді», - дейді Талдықорғандағы 21751 әскери бөлімі командирінің орынбасары Бекболат Жұмабаев.
«Алматы облыстық әкімдігі марқұм сарбаздардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Әкімдік тарапынан оларды жерлеу бойынша көмек көрсетілетін болады. Сонымен қатар материалдық көмек қарастырып жатырмыз. Алматы облысынан 8 адам қайтыс болды. Оның ішінде Талдықорған, сонымен қатар Талғар, Іле, Алакөл, Кербұлақ аудандарының тумалары бар», - дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.