Мамырдан бастап қазақстандықтарға 40 мың пәтер беріледі – Қасым-Жомарт Тоқаев
Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен кеңес өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жиынға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері қатысты.
«Ақордадағы кеңес барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған әлеуметтік тұрғыдан әділетті ел құру бағытын жалғастыруды міндеттеді. Соның ішінде президент әкімдерге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер беру мәселесін жеделдетуді және бұл үдерісті биылғы мамыр айынан бастауды жүктеді», - деп жазды мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар Тоқаев халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымға қатысты жүйелі мәселелерді шұғыл шешудің маңызды екенін атап өтті.
Ақордадағы кеңес барысында Президент мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы тиімді байланыстарды жолға қоюдың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың коммуникацияның заманауи арналарын пайдалана отырып, тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы өңір әкімдеріне халықпен үнемі кездесуге және елді мекендерді жиі аралауға тапсырма берді.