Қызылордалық полицейлер алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын
Қызылордалық полицейлер алғашқы медициналық көмек көрсету дәрісіне қатысты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Бүгінгі күндері жол-көлік оқиғалары, өрт және су тасқыны қаупі кезінде жарақаттанушыларға уақытылы және сапалы алғашқы медициналық көмек көрсетудің маңызы зор. Сондықтан полицейлер де жарақат алушыларға медициналық көмек көрсетуге әркез дайын болуы шарт. Дәріске қатысудың да басты мақсаты адам өмірін аман алып қалуға жедел жұмыс жасау.
Өткен жылдан бастап облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының 400-ге жуық патрульдік полиция қызметкері «Жарақат алу кезіндегі шұғыл жағдайлар» атты алғашқы медициналық көмекті оқып шықты. Олар «Ая-Хан оқу клиникалық» ЖШС мекемесі мамандарынан дәріс алып, сертификатқа ие болған.
Сонымен қатар, патрульдік полиция қызметкерлерінің қызметтік көліктері алғашқы жедел медициналық көмек көрсетуге арналған арнайы 30 дана жиынтықпен қамтамасыз етілді.