Аралдықтар Елбасын қонаққа шақырды
Аралда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешіміне және Елордаға жаңа атау берілуіне орай форум өтті. Форумда аудан тұрғындары Елбасының Сыр өңірі дамуындағы рөлі туралы айтты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ардагер-журналист және Арал ауданының құрметті азаматы Шәкірат Дәрмағанбетов Елбасының Аралға келген сапарының маңыздылығын айта келе сол кездегі естеліктерімен бөлісті. Тұңғыш Президенттің бастамасымен жүзеге асқан аудандағы игі істерге тоқталды. Ақсақал өз сөзінде Елбасын тағы да Аралдың құрметті қонағы болуға шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың қазан айында Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Елбасы өңірдің талантты жастарымен кездескен болатын. Сол кездесуде аудан оқушысы Нұрсұлтан Жақсыгелдиев Елбасыға өскенде Президент немесе ғарышкер болғысы келетінін және Елорданы көруді армандайтынын айтқан еді. Нұрсұлтан Әбішұлы кішкентай аттасын қонаққа шақырып, ол отбасымен бірге Астанада болып, «Бәйтерек» және бас қаланың басқа да көрікті жерлерін аралап келген болатын.
Кішкентай Нұрсұлтан кездесуден алған әсерімен бөлісіп, Елорданы көру арманын орындаған Елбасына ризашылығын білдірді.
«Мен әлі күнге дейін достарыма Елордада көргендерімді қуана - қуана әңгімелеп, сол кездерді еске аламын. Менің арманым Тұңғыш Президенттің арқасында орындалды», - деді Н.Жақсыгелдиев.
Сондай-ақ дарынды жас Елбасының туған жеріне – Арал ауданына келуін сұрады.
«Елбасының бастамасымен «САРАТС» жобасы жүзеге асырылып, аралдықтардың ата кәсібі – балық аулау қайта жанданып, аудан тұрғындарының әл-ауқаты жақсарып келеді. Мен де, жерлестерім де, біз үшін Тұңғыш Президенттің Аралды құтқару жолындағы маңызды шешімін ешқашан ұмытпаймыз. Ел қалыптасуының алғашқы жылында, күрделі экономикалық жағдайда қабылданған Президенттің шешімі болмаса, біздің өңірімізбен, оның тұрғындарымен не боларын елестету қиын. Мен сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының үстелінде екі түрлі шешім болғанын естідім: біріншісі - Қызылорда облысын таратып, халқын басқа өңірлерге көшіру; екіншісі - барлық қиындықтарға қарамастан, теңізді қалпына келтіруге тырысу», - деді ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Күлмәриям Кемалова.
Естеріңізге салайық, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 90-шы жылдары бастаған «ғасыр жобасы» - Аралды құтқаруға бағытталған бірегей жоба болып табылады.
2005 жылы үлкен және Кіші Арал арасында 13 километрді құрайтын Көк-Арал бөгетін салу арқылы күтпеген нәтижеге қол жеткіздік. 2006 жылдың наурызында Кіші Арал теңіз деңгейінен 42м дейін көтерілді. Арал қаласы мен теңіз арасы бұрын бөгет құрылысы басталғанға дейін 75 км болса, бүгінде 17 шақырымды құрайды. Теңіздің тұздылығы айтарлықтай төмендеп, балық кәсібін жандандыруға мүмкіндік пайда болды.
Сонымен қатар, Күлмәриям Кемалова сол жылдары 60 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған жергілікті балық өнеркәсібі іс жүзінде құлдырауға жеткенін еске алды. Кенттер мен балық шаруашылықтары теңізден ондаған шақырым жерде қалып қойып, тат басқан кемелердің бейнесі көрер көзге ауыр көрініс болған дығын айтты.
«Көптеген отбасылар үйлерін тастап, Балқаш, Қапшағай, Каспий теңізіне кетіп, жұмыс табылған жерлерге жаппай көшті. Бүгінде олардың көбі елге қайта оралды», - деді Күлмәриям Кемалова.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қызылорда облысында 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді, оның 4-уі соңғы 5 жылда салынды. 2000-шы жылдардың басында теңіздегі жалғыз балық аулау - камбалы-глосса 400 тоннадан аспады. Бүгінде 23 балық түрі қалпына келтірілді, оның 14-і кәсіптік, ал балық аулау 2018 жылы 8 мың тоннадан асты. Бұл ретте экспортқа 4 мың тонна балық өнімі, Польша, Голландия, Германия, Литва, Грузия, Украина, Ресей және Қытай сияқты елдерге жіберілді.