«Air Astana» Токиоға апарады
Азаматтық авиация комитетінің шешімі бойынша Нұр-Сұлтан – Токио – Нұр-Сұлтан бағытындағы рейстерді «Air Astana» әуе компаниясы орындайтын болады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2019 жылдың 30 қаңтарында өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті «Эйр Астана» әуе компаниясын Нұр-Сұлтан – Токио – Нұр-Сұлтан бағытындағы тұрақты рейстерді орындау үшін Қазақстан Республикасының әуе тасымалдаушысы ретінде бекітілді.
Бұл ретте, Қазақстан мен Жапония аралығындағы тікелей рейстерді ашудың құқықтық негізі 2016 жылдың қараша айында қалыптасқанын айта кеткен жөн. Оған сәйкес, Қазақстан мен Жапония әуе компанияларының әр тараптан аптасына 14 рейске дейін орындау мүмкіндігі бар.
Биылғы жылдың екінші жартысынан бастап «Air Astana» әуе компаниясы Токиоға тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр. Ұшу жиілігі аптасына 2 рейс Boeing 767 ұшағымен орындалады.