Ағаш егудің хикметі
– Мен қырық жыл бойы қан төктім. Зұлымдықтан басқа іс жасамадым. Енді тәубеме келдім. Не амал жасасам, Құдай күнәмді кешеді? – деп сұрайды. Шайқы Бұрқы:
– Жол шетіне жеміс ағашын ек. Өткен-кеткен жолаушылар саясына демалсын. Жемісін жесін, шөлін қандырсын, – дейді.
Қарақшы жолдың жиегіне көп ағаш егіп, баптайды. Арада бірнеше жыл өткенде ағашы жайқалып, бақшаға айналыпты. Жолаушы демалып, керуен ат шалдыратын шұрайлы жерге айналады. Бір күні Шайқы Бұрқы жолаушылап келе жатып, қарақшының бақшасына кезігеді.
– Бұл кімнің бағы? – деп сұрайды.
– Бақтың иесі жоқ. Жергілікті жұрт «қарақшының бағы» деп атайды.
Қарақшының өзі он жыл бұрын дүниеден озыпты, – дейді.
Шайқы әулие бақтың жемісін жеп, сол жерде түнейді. Түсінде баяғы қарақшыны көреді. Ол жұмақтың бақшасында отыр екен. Төбесінен нұр тамшылап тұрады.
Шайқы:
– Ей, Алла, бұл не хикаят? Қарақшының төбесінен нұр не үшін тамшылап тұр? – деп сұрайды.
– Мұның еккен ағашының саясына сан адам келіп демалады. Жемісін жейді.
Соның сауабы өзіне ахиретте өшпес азыққа айналды, – дейді. Шайқы Бұрқы ұйқыдан көңілді ояныпты.
Содан бастап ел арасында «ағаш ексең, күнәң жеңілдейді» деп насихат айтыпты.
Ескіден қалған өнегеден ағаш егудің сауапты іс екендігін түсінуге болады. Тіптен, Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.а.с.) хадисінде «Ақырзаман келіп тұрса да егер бойыңда ағаш егуге жетерлік күшің болса, онда ағаш ек» деген хадис қалыпты.
Пайғамбарымыздың (ғ.а.с.) ағаш отырғызу ісіне ерекше маңыз бергенінің мәні бар. Себебі, ағаш адамзатқа теңдессіз, қалтқысыз қызмет етіп келеді. Адам ауасыз өмір сүре алмайтын болса, ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі газдарды өзіне тартып, орнына оттегі бөлетін ағаш. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алмапты.