26 наурыз – Арал теңізі күні
Биыл Арал теңізі күні екінші рет атап өтілуде, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Қызылорда облысы әкімдігі мен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) ұйымдастырған халықаралық тұрақты даму форумында қордың құрылған күнін – 26 наурызды – "Арал теңізі күні" деп атап өту туралы шешім қабылданды.
Арал теңізі күні аясында Қызылорда облысы мен Елордада түрлі іс-шаралар: жоғары оқу орындарында, колледждерде кездесулер, ресейлік ғалымдардың Аралды құтқаруға қосқан үлесіне арналған конференция, теңіз жағалауын тазалау жұмыстары, ағаш отырғызу акциясы, футболдан "Арал теңізі кубогы" халықаралық турнирі және т.б ұйымдастырылады.
25 наурыз күні "Ақмешіт-Сырдария" орталық мешітінің маңында Халықаралық Аралды құтқару күні қарсаңында 800 түп алма ағашы мен үйеңкі отырғызылды.
Бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде "Шалқар теңіз сыр шертеді" атты мерекелік кеш өтеді. Іс-шара аясында Арал теңізі туралы фильмнің көрсетілімі, көрме мен концерт болады.
Сыр өңірінің тұрғындары үшін Аралдың жандануы – еліміздің тәуелсіздігі мен Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың есімімен байланысты. "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" (САРАТС) - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 90-шы жылдары бастаған "ғасыр жобасы" - Аралды құтқаруға бағытталған бірегей жоба болып табылады.
Мәселен, 2005 жылы үлкен және Кіші Арал арасында 13 километрді құрайтын Көк-Арал бөгетін салу арқылы күтпеген нәтижеге қол жеткіздік. 2006 жылдың наурызында Кіші Арал теңіз деңгейінен 42м дейін көтерілді. Арал қаласы мен теңіз арасы бұрын бөгет құрылысы басталғанға дейін 75 км болса, бүгінде 17 шақырымды құрайды.
Теңіздің тұздылығы айтарлықтай төмендеп, балық кәсібін жандандыруға мүмкіндік пайда болды. Қазіргі таңда Қызылорда облысында 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның 4 соңғы 5 жылда салынған. 2000 жылдардың басында теңіздегі балық аулау көрсеткіші 400 тоннадан аспайтын еді. Бүгінде 23 балық түрі, оның 14 өндірістік бағытта қалпына келтірілді. 2018 жылы ауланған балық 8 мың тоннадан асып, 4 мың тонна балық өнімі Польша, Голландия, Германия, Литва, Грузия, Украина, Ресей және Қытай елдеріне экспортталды.