Әбден лайық деп есептеймін
Әрбіріміздің есімізде, ел Тәуелсіздігінің алғашқы елең-алаң кезеңдерінде Елбасының сындарлы саясатымен дамудың даңғыл жолына түскен сәт...
Сол жылдардан бері жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан демократиялық құндылықтарды ардақ тұтатын ел ретінде әлемге танылды.
Елбасы ел басқарған уақыт ішінде республикамызды дүниежүзінің 180-нен астам мемлекетіне танытты, 120-дан астам мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты, төрткүл дүниенің ең қуатты елдерімен аралас-құралас болып, өзара сенімді байланыс жасады, мемлекетіміз әлемдік қауымдастықтың мүшесі болды.
Өз мемлекетінің кемел келешегі мен баянды болашағына берік сенетін Тәуелсіз елдің жас ұрпағы қалыптасты.
Елбасының төл туындысы, күллі қазақ елінің жүрегі, Еуразия мен Азияны жалғайтын алтын көпір, біздің мақтанышымызға айналған Астана қанатын кеңге жайған ғылым мен білімнің, мәдениеттің ордасына айналды.
Мұның барлығы Ұлт Көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында мүмкін болды. Тәуелсіз Қазақстанның іргесін нығайту, әлем елдерінің деңгейіне жеткізу, экономикамызды өркендету, саналы қоғамды қалыптастыру жолына Тұңғыш Президентіміз бүкіл ғұмырын арнады.
Елбасының ел үшін сіңірген еселі еңбегі – бүгінгі буынға үлгі-өнеге. Сондай-ақ, Елорданың ірі мегаполиске айналуына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз.
Астана – ертеңгі болашақ ұрпаққа қалдырар мирас-мұрамыз, байлығымыз. Астананың астана болып қалыптасуы, дамуы, әлемге танылуы Елбасының ақыл-ойы мен даналығының бірден-бір жемісі.
Сондықтан да, Ұлт Көшбасшысы бұл құрметке әбден лайық деп білемін. Демек, Астана атауын Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атау – бұл қазақ елінің Елбасыға деген алғысы, болашақ үшін жасалған игі қадам, әділ шешім деп есептеймін және толық құптаймын.
Самұрат ИМАНДОСОВ,
Қызылорда облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, «Құрмет», «Парасат», III Дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы.