Арал өңірін жаңғыртуға бағытталған жарқын істер
Жыл сайын халыққа арнаған Жолдаулардан жағымды жаңалықтар мен жаңа бастамаларды күтетін біз, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 19 наурыз күні жасаған өз өкілетін тоқтату жөніндегі шешімін ерекше тебіреніп тыңдадық. Әсіресе, ерекше көңіл аударған Арал теңізін жағалай орналасқан отырықшы елдің көңілінде әлдебір күдік пен ертеңге деген сенімнің сейілуі байқалғандай. Себебі, Тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы, Ұлт көшбасшысы ретінде Н.Назарбаевтың мемлекетіміздің қалыптасуы жолындағы еңбегі бүгінгі заманның әр буынына ерекше елеулі еді.
Арал теңізінің тартылып, экологиялық апат аймағына айналуы бүкіл дүние жүзін алаңдатқан оқиға болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасының қарауында Қызылорда облысын тарату және Арал халқын көшіру туралы құжаттар жобасы жатты. Тұңғыш Президент сонда да Алаштың анасына баланған қасиетті мекеннің халқын өз қамқорлығына алды. Ертеңге деген сенімін оятып, тарихи түлеу мен қарыштаудың даңғыл жолына түсірді.
Аралдың болашағына деген күмән мен күдіктіктің басым кезеңінде тартылған теңіздің келешегіне сеніп, «Ғасыр жобасына» баланған - «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасын жүзеге асыру жөнінде шешім қабылдады.
Елбасының тікелей қолдауымен қолға алынған «САРАТС-1» жобасы бойынша Көкарал бөгеті салынып, Кіші Арал теңізі сақталып, елдің ризық-несібесіне айналды. Қазіргі таңда осы жоба нәтижесінде теңіз жағалауы Арал қаласына 17 шақырымға дейін жақындады. Судың деңгейі көтеріліп, тұздылығы бірнеше есеге төмендеді. Теңіздегі балықтың түрі 27-ге жетті. Кезінде теңіз тартылғанда Аралдан көшіп кеткен балықшылар қайта елге оралып, ата кәсібін жалғастыруда. Арал теңізінен жылына 6 мың тоннаға дейін балық ауланып, жергілікті балық зауыттарында өңделуде.
Арал балығының сапасы жақсы әрі нарықтағы сұранысы да жоғары. Балық өнімдері республикамен қатар, Ресей, Германия, Польша, Дания, Голландия, Әзірбайжан, Грузия сияқты мемлекеттерге экспортталуда. «САРАТС» жобасының алғашқы кезеңін іске асырудың нәтижесінде елімізде балық шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндік жасалды.
Қазір теңіз көлемі ұлғайып, балықшы қауымның жұмысы жанданып, алаңсыз жұмыс істеудеміз. Бүгінде теңізден су маржанын сүзетін балықшы қауымның шаңырағында 5 балықшыдан бар десек, орта есеппен 5 мыңға жуық балықшы осы теңізден өз несібелерін табуда. Теңізіміз орнына келіп, қуанышқа кенеліп, балықшылардың әлеуметтік жағдайлары жақсарып, жақсы жаңалықтардың куәсі болудамыз.
2005 жылы 27 сәуір күні Арал ауданында арнайы жұмыс сапарымен болып, тұрғындардың таза ауыз суға қол жеткізген қуанышымен ортақтасқан сәттегі Елбасының «Мен Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі бүгінде әрбір аралдықтың есінде. Әр үйге тартылған таза ауыз суды және көгілдір отынды халық өз игілігіне пайдаланып келеді. Н.Назарбаев мемлекет басшысы ретіндегі соңғы жасаған үндеуінде елдегі дамудың жарқын көріністерін сөз етті. Сол жетістіктермен сабақтасып жатқан елдегі балық шаруашылығы саласының майталмандары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа әрқашан құрметпен қарайтындығын жеткізгіміз келеді. Дүние тұрғанша тұрыңыз, қадірлі Елбасы!
Құрметпен,
Аралдық балықшылар атынан Ә.Әйімбетов, А. Ерхатов, Ш.Әбдуалиев, Ж.Қараев.