Толағай табыстарға қол жеткізді
Еліміз тәуелсіздігін алып дамудың даңғыл жолына түскен сәтте Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдына төрт бірдей қасиетті де қастерлі міндет қойды.
Ол ең алдымен тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалау, екінші – әлеуметтік қоғам құру, үшінші – нарықтық экономиканы қалыптастыру, төртінші – қоғамдық ойды қайта жаңғырту. Міне біз күні бүгінге дейін осы жолдан еш айныған емеспіз.
Соның ішінде, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүргізген саясатыңыздың арқасында кәсіпкерлер көптеген мемлекеттік қолдау шараларын алып, әкімшілік кедергілер едәуір азайып, мыңдаған жұмыс орындары құрылды.
Қазіргі күні Сыр өңірінде 43 мыңнан аса кәсіпкерлер жұмыс жасап, онда 90 мыңнан аса адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтылған.
2018-2020 жылдары өңірімізде жаппай кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жылдары болып жарияланып, кәсіпкерлікті қолдау бағытында микробизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Жұмыссыз жүрген және өз бетінше жұмыс істейтін азаматтар кәсіппен айналысуға бет бұрып, шалғай жерлерде тұратын ауыл тұрғындары шағын несие мен қайтарымсыз гранттарға қол жеткізіп, жұмыссыздық мәселесін шешуге және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға тың жол ашылды.
2018 жыл Сыр елінде шағын және орта кәсіпкерлік саласы үшін серпілістерге толы жыл болды.
Оған себеп облысымыз өңірлер арасында бизнесті жүргізудің жеңілдігі бойынша 1-ші орынды иеленіп, бизнесті жүргізу үшін барынша қолайлы жағдай жасаған «Ең үздік өңір» атанды. Осының барлығы Сыр елі халқының жасампаз болмысы, ақ ниеті және береке мен бірлікте жасаған еңбегінің нәтижесі.
Еліміз егемендік алып осынау ширек ғасырда Тәуелсіз Қазақстан әлеуметтік-экономикалық, рухани және саяси дамуында толағай табыстарға қол жеткізді.
Осы ретте, ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы ұлан-ғайыр еңбегіңіз үшін өзімнің және маған хабарласқан жүздеген Сыр елі кәсіпкерлерінің атынан Қазақстан РеспубликасыныңТұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен алғыс білдіреміз! Біз әрдайым Сізбен біргеміз! Жасампаз еңбегіңіздің жемісін көріңіз, көкте Алла, жерде аруақтар қолдасын!
Б.Махашов,
Қызылорда облыстық мәслихат депутаты,
«Жан-Арай» ЖШС-нің директоры