Көктемгі сән: "Оversize" стилі
Жыл сайын оверсайз (oversize немесе oversize-look) стиліндегі көйлектерді әйгілі брендтер топтамасынан байқауға болады.
Ыңғайлы болғандықтан танымал болса керек. Қыс мезгіліне арналған түрлері қалың, жүн матадан тігіледі. Оны бойжеткендердің гардеробындағы тоқыма жемпірлер мен пальтолардың көптігінен көреміз. Ал мұндай көйлектердің көктем, жаз мезгілдеріне арналған түрлері жібек және мақта матадан тігіледі.
Оверсайз көйлектері көп қыздың талғамынан шығады. Себебі, аталған киім түрі қыз баласына тән нәзіктікті көрсетеді. Арық әрі толық пішінді қыздардың барлығына жарасады. Денемізге жабысқан водолазка, колготка, скинни шалбарларымен үйлестіру арқылы сырт келбетімізді әдемі етіп көрсетеміз.
Шығу тарихына келсек, оны әйгілі сәнгер Kenzo ойлап тапқан екен. Оның ойлап тапқан киімі – барлығына белгілі жарқанат көйлек-жемпірі. Аталған көйлектің жоғарғы бөлігі кең болса, төменгі бөлігі тырысып тұрады.
Жарқанат көйлегінің идеясы жапондардың кимоносынан алынған. Бір қарағанда күрделі құрылымы, етек-жеңінің кеңдігі, көп қабаттылығы ұқсайды. Жыл өткен сайын бұл киім түрлене түседі. Бұрын көзге оғаш көрінсе, бүгіндері иесін кербез етіп көрсететін түрлері ойлап табылған.
ХХІ ғасырда оның алғашқы үлгісі толықтай өзгерген. Жоғарғы бөлігі денеге жабысып тұрса, етегі кең болады. Немесе етегінің тарылып тігілетін түрлері де бар. Мұнымен қатар, әлем сәнгерлері олардың бір-бірінен детальдарымен де ерекшеленетінін дәлелдеді.