Қызылордада «Допинг» шарасы кезінде 23 құқық бұзушылық анықталған
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Есірткіге 18-29 жас аралығындағы жастар тәуелді. Ал есірткі салдарынан қылмыстар көбейіп, ВИЧ инфекциясына шалдыққандар саны өсуде. Мұны дер кезінде қолға алмаса, істің қиынға соғары анық. Нашақорлықтың белең алмауы үшін, есірткінің алдын-алу жұмыстарын кең көлемде жүргізіліп, алдын алу қажет. Бұл тұрғыдан аймақта аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Соның бірі «Допинг» операциясы. Жуырда аталған шараның бірінші кезеңі өткізіліпті. Есірткінің заңды айналымы саласында құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған шараның нәтижесі қандай?
Полиция департаментінің дерегінше 23 құқық бұзушылық анықталған.
Заңсыз айналымнан 3 келі 553 грамм марихуанна, 20,7 грамм гашиш тәркіленіп отыр. Іс-шара барысында облыс аумағында орналасқан 9 дәріхана тексеріліп, ҚР ӘҚБтК-нің 426 бабы (фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша 9 заң бұзушылық анықталды.
Айта кетейік, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен «Допинг» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында есірткі құралдарының, психотропты заттардың және прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыратын дәріханалар мен қоймаларға тексеру жұмыстары жүргізілген.
Фариза ОМАРОВА