Қызылордада аймақтық коалицияның кезекті отырысы өтті
Бүгін «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев халықты әлеуметтік қолдау саласы бойынша қысқа және ұзақ мерзімді перспективаға арналған іс-қимылдың «Әлеуметтік қолдау» атты кешенді бағдарламасына қолдау білдіру мақсатында «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің облыстық коалициясының кезекті отырсын өткізді.
Отырысты ашқан «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары бағдарламадағы негізгі басымдық – азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мен Қазақстанның әлеуметтік бағдарланған мемлекет ретінде дамуын айқындайтынын айтты. Сондай-ақ, ондағы халықтың күн көрісі төмен тобының табысын арттыру және қолдау, жалақысы төмен азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту, өңірлерді кешенді дамыту секілді бағыттарды іске асыру алдағы үш жылға мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізі бола алатындығын және барлық онжылдыққа перспективаны белгілейтіндігін тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы съезде атап өткендей алдағы 10 жыл – бұл мемлекетіміздің ең дамыған 30 елдің қатарына кіруіндегі шешуші кезең. Миллиондаған қарапайым қазақстандықтың тұрмысын жақсартуға, елдің әлеуметтік жағдайын күрт көтеруге бағытталған қыруар қаржының Елбасы пәрменімен уақытында ел ертеңіне деп құрылған Ұлттық қордан бөлінуі барша халқымызға жасалған аса үлкен қамқорлық және бұл тікелей төлемақы ғана емес, сонымен қатар инфрақұрылымды, ауылдық жерлерді дамыту сияқты әлеуметтің көп қажетін қанағаттандыратын, бүкіл әлемді қаржылық дағдарыс шарпып отырған жағдайда мемлекетіміздің дамуына тың серпін беретін үлкен қолдау деді.
Жиын барысында осы бағыттағы жұмыстарды саралару үшін тиісті сала басшыларының да есебі тыңдалды. Мәселен, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев аз қамтылған, көп балалы отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен көбірек қамту үшін қазіргі уақытта АӘК тағайындау механизмі жетілдіріліп жатқандығын атап өтті.
«Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін көтеріледі. яғни, 14849 теңгеден – 20789 теңгеге дейін. Бұл отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспайтын көп балалы, аз қамтылған отбасыларға тиесілі. Бұл ретте, отбасындағы 18 жасқа дейінгі балаларға (күндізгі оқу бөлімінде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленетін болады. Ал, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға және «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төс белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балаларға арналған мүгедектігі бойынша жәрдемақылар, стипендия алып тасталады»,-деді Талғат Дүйсебаев.
Сондай-ақ, басқарма басшысы мүгедектігі бар балалардың күтімімен айналысатын отбасыларды әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстарды да атап өтті. Оның айтуынша 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар балаларға және 18 жастан асқан бала кезінен бастап бірінші топтағы мүгедектерге күтім көрсету бойынша мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері артады. Өңірде бұл топ бойынша есепте тұрған 5529 азаматтың жәрдемақы мөлшері 31 183 теңгеден 41 578 теңгеге дейін өседі.
Көп балалы отбасыларды жұмыспен қамту шаралары да қарқынды қолға алынуда. Мәселен, оларға отбасылық бизнес ашу, табысын арттыру үшін жаңа бизнес-идеяларға 505 мың теңге мөлшерінде өтеусіз негізде мемлекеттік гранттар берілсе, 6,5 млн. теңгеге дейін және якорлы кооперацияны дамытуға 20 млн. теңгеге дейін жеңілдікті микрокредиттер қарастырылып отыр, - деді ол.
Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова балаларға оқу мен тәрбие беру барысындағы әлеуметтік мәселелерді жетілдіру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
«Бүгінгі күні облыстағы білім беру ұйымдарында 56 100 әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасынан шыққан балалар білім алуда. Аталған санатындағы балаларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында өткен жылы 29 652 оқушыға міндетті оқу қорымен 1 млрд. 376 млн. тг көмек көрсетілсе, биыл бұл жұмыстарға 1 млрд. 547 млн. тг қаржы бөлініп, былтырғы жылмен салыстырғанда 170 млн. тг өскен. Қазіргі уақытта балалардың тамақтандыру сапасын көтеру, мектепке дейінгі ұйымдарға тегін баратын балалар санын көбейту мәселелері пысықталуда», - дейді Майра Мелдебекова.
Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің бірі жағдайы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл мақсатта Елбасы тиісті органдарға «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде 2025 жылға дейін жағдайы төмен отбасылар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерлер салуды тапсырды. Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 20 жылға дейін 2%-бен жеңілдетілген кредит беру мәселесі де қаралып жатыр. Жасыратыны жоқ, қазір аймақта тұрғын үй алу кезегіне тіркелгендердің саны 27 906 адамды құраса, олардың 14074-і халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары. Бұл мәселені шешуде өңірлік «Орда» бағдарламасы үлкен демеу болады
Жиын барысында денсаулық сақтау қызметінің сапасы мен азаматтар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да ортаға салынып, тиісті ұсыныстар назарға алынды.
Коалиция отырсын қорытындылаған Ибадулла Құттықожаев аталған әлеуметтік міндеттердің орындалуын бақылау ісі «Nur Otana» партиясына тапсырылғанын айтып, отырысқа қатысушыларды жаңа бастамаларды қолдап, оны жүзеге асыру үшін күш біріктіруге шақырды.