Наурыз 2019: Гүлназ Әлімгерей «Амал» мерекесін атап өтудің тамаша үлгісін көрсетті
Наурыз айының 14 жұлдызы осыдан біраз жыл бұрын басқа күндерден еш өзгешелігі жоқ, күнтізбеде ерекшеленбейтін дата болып келген. Тек еліміздің Батыс аймақтары ғана өзара мәре-сәре болып, үлкендер шаңырақтарына сәлем бере барып, «көрісіп», бір бірін «жаңа жасымен» құттықтап, Маңғыстаудағы Отпан тауға барып, «Амал» мерекесін дүркіретіп тойлап жататын. Өзге өңір тұрғындары таңырқай, жатырқай қараған бұл тамыры терең мейрам дендеп, Қазақстанның басқа да аймақтарына еніп келеді.
Еліміздің танымал тележүргізушісі, «Миссис Қазақстан» республикалық байқауының жеңімпазы - Гүлназ Әлімгерей бұл жолы «Амал» мерекесін атаудың тамаша үлгісін көрсетуді жөн көрді, деп жазады Ruh.kz.
Кішкентайынан көріп өскен тәлімі солай болса керек, Батыс өңірінің тумасы Гүлназ ханым бұл күнге барын сала дайындалған.
Көктемге аман-есен жеттік деп, кең дастархан жайып, мерекелік сыйларын дайындап, қымызын баптап, бауырсағын пісіріп, көптен көрмеген құрбыларын «Көрісуге» шақырды.
- Мен өзім осы 14 наурыз күні дүние есігін аштым. Оралдың тумасы анам бұған ерекше қуанып, көктем мерекесімен қатар келген шаңырақ қуанышын жақсылыққа балаған екен. Жыл сайын бұл күні маңайымдағыларға мереке мән-мағынасын түсіндіріп, таң атқаннан жора-жолдас, туыс-жарандарыммен құшақ жая амандасып, «амал келді», «жаңа жасыңмен» деп құттықтап, әрдайым Көрісу күнін насихаттап жүретінім рас. Сол себепті Амал күнімен тұспа-тұс келген туған күнімді биыл Көрісу күнін алға тартып атап өткім келді. Шақырылған қонақтар Амал мерекесіне шақыруымды қабыл алып жатып, еш таң қалған жоқ. Қайта Оңтүстік, Шығыс өңірлерінің тумалары бұл мерекенің мәнін, ерекшелігін бүгінде түсініп келе жатқанын айтып жатты. Шынында да, бұл мерекенің орны бөлек. Басты мақсаты – адамдарды жақындастыру, ренжісіп жүргендерді татуластыру. Ата бабаларымыз осы кезде күн мен түн теңеліп, жаңа жыл басталады деп есептеген. Сол Амал мерекесі сияқты ескі дәстүрімізді жаңғырту мақсатында осындай мерекелік кездесу ұйымдастыруды жөн көрдім. Және де қуанатын жағдай, қазіргі уақытта жастар арасында бір-бірімен көрісіп, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізді жаңғыртып жүргендер аз емес, - дейді Гүлназ Әлімгерей.
Гүлназ ұйымдастырған Амал мерекесіне еліміздің танымал арулары көтеріңкі көңіл-күймен, басым көпшілігі ұлттық нақышта киініп келіп, кештің сәнін кіргізді.
Бір бірімен құшақ жая амандасып, хал сұрасқанынан, тамыры тереңде жатқан айтулы күннің алаш ұрпағына етене жақын екендігі білінді.
Әрине, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Бұл мереке бұрындары бір бірінен алшақ орналасқан ауылдар арасында ғана атап өтетін мейрамы болған дейтіндер де бар. Қанша айтқанмен, қалада тұрса да, жиі-жиі жүздесіп тұрса да, бұл күннің шексіз пәлсапасын түсіну - екінің біріне берілмеген шығар.
- Іргемізде жатқан көрші елдерде аламан тасыр соғыс болып жатқанда, біздің еліміздегі ауызбіршілік, татулықтан, бейбіт өмірден Алла айырмасын. Тыныштық болсын жерімізде. Қазақтың әр отбасына амандық тілеймін. Жылдан жылға аман-есен, төрт көзіміз түгел жете берейік. Еліміз тіл-көзден аман болсын, - деп тіледі Гүлназ.
Би де, ән де, күй де, ойын да, шашу да болған бұл тамаша Амал мерекесін осылайша алғаш рет қарсы алған арулар Көрісуді енді дәстүрге айналдырары сөзсіз. Қазақтың танымал табиғат тамыршысы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы өзінің жан-жақты зерттеу еңбегінде “сегіз күндік Наурызнама өтетінін” жазған екен (ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы). Демек, ұлтымыздың көктемді тануы - қадым заманнан шындыққа тым жақын. Қуантатыны сол, ұлтымыздың алтын қазыналары түбiрiмен қопарылған аумалы-төкпелi заманда да қайсар қазақ өзінің Амал күнін сонда да ұмытпады.