Елімізде онколог дәрігерлер жетіспейді
Елімізде 181 мың адам қатерлі ісікке шалдыққан, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Олардың 60 пайызы еңбекке жарамды азаматтар. Ал өткен жылы онкологиялық аурудан өлгендер саны 14 мыңға жетті. Бұл жантүршігерлік көрсеткіштер Парламент Мәжілісінде айтылды.
Депуттатар жағдайға алаңдаушылық танытып онымен күрес мәселелерін талқылаған болатын. Әсіресе ерте сатыда емдеуге қатысты қосымша қаржы қарастыру мен мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру тетіктері сөз болды.
Онкологиялық ауруларды ерте сатыда емдеу бойынша біздегі көрсеткіш дамыған елдерге қарағанда 3 есе төмен екен. Оған себеп – дәрілердің қымбаттығы, құралдардың жетіспеушілігі және арнайы мамандардың тапшылығы. Әсіресе балалар онкологы мен онкохирургтар қажеттігі анық байқалады. Енді бұл мәселелер 2018-2020 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында шешілмек.