Бос жұмыстар жәрмеңкесі аясында 53 азамат тұрақты жұмысқа жолданды
Бүгін «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы мен қалалық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастырумен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырлды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің студенттер сарайында өткен жәрмеңкеде 30 мекеме 150 астам бос жұмыс орындарын ұсынып,оған 200 жуық азаматтар қатысты. Солардың бірі қала тұрғыны Айнұр Наурызбаева. Қос дипломын қолына ұстаған азаматша осы жәрмекеден екі бос жұмыс орнына жолдама алып, үміттеніп отыр.
«Мамандығым-заңгер, белгілі себептермен 2-3 жыл жұмыссыз отырып қалдым. Енді жұмыс іздеп біршама жерлерге түйіндеме қалдырдым, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Жұмыс таба алмаған соң әлеуметтік желіден жәрмеңке ұйымдастырылатынын естіп келдім. Осы жәрменкеден үмітім зор»,-дейді Айнұр Наурызбаева.
Бұл жәрмеңке «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында азаматтарды «Бірыңғай қабылдау күні» акциясы шеңберінде ұйымдастырылып отыр.
«Шараның мақсаты жұмыссыздыққа жол бермеу, жұмыссыз азаматтарға қажетті мамандықтар таңдауына сондай-ақ, жұмысқа орналасуына ықпал жасау. Азаматтар келіп, осы шараға қатысып жатқан мемлекеттік құрылымдар бар, жұмыс беруші мекеме мамандарымен жүздесіп, пікірлесіп, осы бағдарламаның бағыты бойынша тиісті кеңес алуда», -деді облыстық партия филиалы, қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Әбдікәрімов.
Жәрмеңке нәтижесі бойынша 49 азаматқа жолдама беріліп, 53 азамат тұрақты жұмыс орнын нақтылады.