Мұқағали Мақатаевтың өз дауысымен оқыған өлеңдері (видео)
Оқырмандар назарына қоңыр үнді Мұқағали ақынның өз дауысымен оқыған бірқатар өлеңдерін Qamshy.kz ақпарат агенттігі ұсынды.
Бұлқынып жатыр
Бұлқынып жатыр.
Келмейді-ау құрғыр шамасы,
Бұлқынып жатыр.
Таусылды-ау айла-шарасы.
Сәулемнің менің аяқ пен қолын матамай,
Бостандық берші, бостандық берші, мамасы.
Тұмшалап қойдың несіне сонша қаусырып,
Шандудан бөлек қалған ба шараң таусылып.
Аяқ пен қолын матамай бос қой, мамасы,
Кішкентай адам көрсетіп жатыр қарсылық.
Қарашы мынау қабаржып жатқан пішінге,
ЬІза мен ашу қайнайды келіп ішінде.
Жетпей ме сол да, қойдың ғой мені арқандап
Мамасы, босат, қызыма құрсау түсірме!
Көкемді босат, аяқ пен қолын матама,
Көтеріп жүрем, көтеріп өтем жотама.
Басымды тігем.
Бармақтай менің сәбиім
бүлдіре қоймас...
Бостандық берші ботама?
Мамасы, босат, еркімен өссін тал шыбық!
Ауа мен күнге, Ай менен нұрға малшынып.
Бұлқынып жатыр, ұмтылып жатыр, қарашы
Кішкентай жүрек көрсетіп жатыр қарсылық.
***
Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың?
Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың?
Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау-құсым?
Оралдың ба, тағы да өзің өскен ұяға,
Оралдың ба, сүйіктім, екеуің де бармысың?
Қарлығашым, бұ қалай, қайда кеткен серігің?
Зияны жоқ зиялым, өкпелетті сені кім?
...Түсінікті, сүйіктім, түсінікті айтпа енді,
Тұмар құсым кеткен-ау тырнағында перінің.
(О жылы біз ауылда оңаша үйде түрғанбыз)
Жаз да өтіп барады, қарлығашым жүр жалғыз,
Көзді ашып-жұмғанша көсеуін ап қолына
Жетіп келді бір күні жел үрлеген сырдан күз.
Ғанибет қой, шіркін-ай, шуылдасаң ұлардай,
Қиын екен жалғыздық қияда өскен шынардай,
Жалғыз қайтты сол жылы, жалғыз қайтты жыл құсы,
Жұмыртқа да таба алмай, балапан да шығармай.
Қарауытып көз алдым, қарап тұрмын досыма,
- Қарлығашым, қайта орал мекеніңе, шошыма.
Әжем менің күйбеңдеп, күбірдеп жүр аулада,
- О, бәтшағар өмір-ай, өмір дейтін осы да!..
***
Қаздар қайтып барады мекеніне
Қаздар қайтып барады мекеніне,
(Қанаты бар мақұлық кетеді де).
Қаз-қаз басып, қалтырап қария тұр
Дәрмені жоқ таяғын көтеруге.
Қарашаның қалықтап желіменен,
Қаздар кетті қоштасып көліменен,
Қайтқан құстың қария қанатына
Қарайды көзін сүртіп жеңіменен.
Қаздар қайтып барады тізбектеліп,
Іздеп кетті көктемді, іздеп келіп.
Қарашада қалтырап қария тұр
Тағы да бір сұп-сұрғылт күзді өткеріп.
Қаздар кетті, құлақта үні қалды,
Жазды әкетті.
Әкетті тұнық әнді,
Қайтқан құстан қара үзіп қалса-дағы,
Қалтылдаған қария, тұрып алды.
Қарашаның ұлыса желі гулеп,
Түсіне бер қаңтардың желігі деп.
...Қисайып бара жатқан қарияны
Сүйей берді баласы, келіні кеп...
***
Пай, пай, Өмір!
Өтесің-ау бір күні.
Тыясың-ау қуанышты, күлкіні.
Өмір деген - бір жарқ еткен найзағай,
Өмір деген - көк аспанның күркірі.
Пай, пай, Өмір,
Өтесің-ау бір күні!
Болмағандай, жүрмегендей сенде біз,
Кетеміз-ау, әй, кетеміз,.. пендеміз.
Ұрпақтарға береміз де кезекті,
Біз кетеміз.
Кету үшін келгеміз.
Өмір деген - бұйым емес қолдағы,
Өмір дейтін - ұлы бекет жолдағы.
Қаның кеуіп қаталаған кезіңде
Сусыныңды қандырсаң бір болғаны.
Мына күн де, мына аспан да, дала анау,
Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау!
Өмір дейтін - тағатсыз бір қозғалыс,
Өмір дейтін - өлемін деп қарамау.
***
Есіңе мені алғайсың
Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге,
Қоңыраулатқан аспанды
Найзағай шаншып өткенде,
Есіңе мені алғайсың?
Тұнжырап тұрған орманға,
Тұнжырап жалғыз барғанда.
Мен бар деп мына жалғанда,
Жоқ деген сөзге алданба.
Есіңе мені алғайсың!
Жапырақ жанып жатқанда,
Күз келген күрең шақтарда,
Ағаштар мұңға батқанда
Есіңе мені алғайсың!
Ақ қырау тұрған ақпанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып тұрып ақ таңда,
Есіңе мені алғайсың,
Есіңе мені алғайсың!
***
Ойхой, қазақ даласы!
Ойхой, қазақ даласы!
He көрмедің?!
Қанша қурап, қаншама көгермедің?!
Қорқыттың қобызымен боздаттың ғой,
Асанның шерге оранған өлеңдерін.
Ойхой, қазақ даласы!
He көрмедің?!
Қорқыт, Асан тіріліп, қайта келсе,
Сенің мына кейпіңе сенер ме еді?..
Мына бақты көргендер төбеңдегі
Қуанғаннан көз жасын төгер ме еді?
Қуаныштан кеудесі қарс айрылып,
Кім біледі, қайтадан өлер ме еді?!
Ойхой, қазақ даласы,не көрмедің?!
Өткеніне үңіліп отыра алман,
(Біздің қазақ өлмеген, оты жанған...)
Үзік-үзік естимін сараң хабар,
Тірідейін көмілген Отырардан.
Айта жатар басқалар өткенімді,
Қан мен жасты қайтіп мен төккенімді,
Жаңа дәуір алдында,жөн көремін,
Азаматтық борышты өткеруді.