Қызылордалық полицейлер 50-ден астам көлік жүргізушінің мемлекеттік нөмірін алып қойды
Қызылордада 13-20 наурыз аралығында қала аумағында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған іс-шараның мақсаты – салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіру.
«ҚР ӘҚБтК-нің 893-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға айыппұлды қаулы заңды күшіне енген күннен бастап отыз тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс. Төленбеген жағдайда осы Кодекстің 894-бабына сәйкес айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлі түрде орындату мақсатында сот орындаушыларына жолданады», – делінген департамент таратқан ақпаратта.
Қызылорда ОПД Жергілікті полиция және Әкімшлік полиция басқармасының қызметкерлері өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының қызметкерлерімен бірлесіп, борышкерлерді анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда. Қала орталығында 3 мобильді топ жұмыс атқарып жатыр. Рейд барысында қарыздары бар жүргізушілердің тізімдері шығарылып, мобильді топтармен автокөліктері анықталған жағдайда мемлекеттік белгілер алынуда.
Іс-шара басталғалы барлығы 50-ден астам борышкердің мемлекеттік белгісі алынып, 500 мыңнан астам теңге өндірілді.
«Айыппұлдарын төлемей жүрген азаматтарға қатысты мәжбүрлеу шаралары қолданылуда. Жеке сот орындаушыларына түскен әкімшілік істер бойынша бүгін де біршама шектеу жұмыстары жүргізіледі, яғни шет елдерге шығуға шектеу қою, мүліктеріне шектеу қою сияқты. Бұл жұмыстарды әрі қарай да жалғасын табады. Осы тұрғыда айыппұлды заңда қарастырылған мерзімде 50 пайыз жеңілдікпен жеті тәулікте төлеуге немесе бір ай мерзімнен кешіктермей төлеулеріңізді сұраймыз», – дейді полиция департаментінің баспасөз қызметі.