Қызылордада 300-ге жуық жасқа грант беру жоспарланып отыр
"Нұр Отан" партиясының жанынан құрылған «Жастарды қолдау» бағытындағы комиссия аймақ жастарының жұмыспен қамтылуы мәселелерін талқылады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Алғаш болып сөз алған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шараларға кеңінен тоқталды. Мәслен, өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтарына жастарды көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына тартуды ұйымдастыру» жобасына 70 837,0 мың теңге бөлінген. Жоба аясында әр түрлі бағытта 25 шара ұйымдастырылып, қала және барлық аудандар бойынша 16-29 жас аралығындағы 1035 жас жұмыспен қамтылған. Олардың 130 жұмыссыз, 107 оқушы, 798 студент жастар.
«Мұнда жастар өз уақыттарын өте тиімді өткізеді. Мәселен, "Рarkour" үйірмесі қатысушыларының арасында «Qyzylorda zhastary» шарасына іріктеу сайысы, "Krump Balleto" фестивалі, "Жанды дауысты әндер" фестивалі, "Street workout - 2018" варкауттан ашық облыстық турнирі, "Kzo vine" Қызылорда қаласының вайнерлерімен кездесу, "Қазақстан бүгін және ертең" атты интеллектуалды ойыны, "Импульс" хип-хоп байқауы, Заманауи билер сайысы, "Заманауи би" мастер класы, "Кроссфит" сайыстары ұйымдастырылды. Бұл шаралар жастардың шығармашылығын жан-жақты дамытуға қолдау болып отыр. Бір сөзбен айтқанда бұл жұмыстардың барлығы өңірдегі 2021 жылға дейін арналған мемлекеттік жастар саясатын дамытудың Жол картасы аясында қолға алынып отыр», -дейді басқарма басшысы.
Аймақ жастарының жұмыспен қамтылуы мәселелері жөнінде облыстық жұмыспен қамытуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гауһар Қалмақова айтып өтті.
«Ағымдағы жылдың 1 наурызына 3489 жас бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп, олардың 69,7 пайызы түрлі шаралаға тартылды. Жыл басынан 12 жас шағын несие алып, өз кәсібін ашты. 829 жас жұмыспен қамту органдарына ұсынылған бос жұмыс орындарына орналасты. 156 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Сондай-ақ, жастар тәжірибесі арқылы 13 жас, қоғамдық жұмыстарға жолданған 6 жас тұрақты жұмысқа орналасты», - дейді Гауһар Қалмақова.
Жиын барысында Гауһар Қалмақова жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасап, жаңа бизнес идеяларды дамыту үшін ҚР еңбекті және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан бөлінетін гранттар төңірегінде де айтып өтті.
«Бұл гранттарды жастар жұмыспен қамту орталықтары арқылы «Бастау -Бизнес» кәсіпкерлік негіздері оқыту курстарынан өтіп, бизнес жоспарларын қорғап, жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп, комиссиядан өткен соң грант алуға мүмікіндік алады. Грант көлемі 505 мың теңге. Биыл 300-ге жуық жасқа грант беруді жоспарлап отырмыз», - деді ол.
Жалпы жиын барысында жұмысты жетілдіру бағытындағы жұмыстар жан-жақты пысықталып, «Жастарды қолдау» бағытындағы комиссиясының жаңа құрамы сайланды.