Егіс көлемін азайту керек – Сейітқасым Әбуов
Сыр диқандары өткен жылы аяқ судан тапшылық көріп, біраз қиындыққа тап болғаны белгілі, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Qyzylorda» арнасына сілтеме жасап.
Су саласының мамандары бұл мәселе биыл да қайталанбасы үшін егіс көлемін азайту керек және егіс алқаптары су көздеріне жақын болу керек дейді.
Өткен жылы Шардара су қоймасынан межеленген су көлемі жиналмаған. Сондықтан аймақта су тапшылығы сезілді. Әсіресе нәпақасын жерден терген диқандар біраз қиыншылықтарға тап болды. Биыл мұндай проблема қайталанбас үшін мамандар 1 сәуірге дейін Шардара мен Көксарайға 7 млрд 800 млн текше метр су жинап аламыз деп жоспарлап отыр.
«1 сәуірге дейін Шардара су қоймасына 5,2 млрд, Көксарайға 2,2 млрд текше метр су жинау межеленуде. Сонымен қатар су пайдалану майсымында Шардара су қоймасына орташа есеппен 3 млрд-тай су түседі деп есептелуде. Осы су көлемі сәуір айының бірінші 10 күндігінде Ташкент қаласында өтетін мемлекетаралық су шарасын үйлестіру комиссиясының 76 отырысында нақтыланатын болады», - дейді Арал-Сырдария бассейіндік су шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Сейітқасым Әбуов.
Қазір Шардарада 4 млрд 785 млн текше метр су жиналған. Бұл өткен жылға қарағанда 952 млн текше метрге артық. Десе де тіршілік нәрін үнемдеп пайдаланған абзал. Мамандар сондықтан егіс көлемін жоспардан тыс арттырмау керек екенін ескертеді.
«Су қоймасына су пайдалану маусымында түсетін су көлемі жоспарланған егіс көлемінен артық екпеген жағдайда толық жетеді деп болжауға болады. Былтырғыдай қиыншылық болмағанын қаласақ, егіс артық егілмеу керек, су көзіне жақын болғаны дұрыс және биік жерге егілмегені абзал», - дейді Сейітқасым Әбуов.
Дарияның қазіргі жағдайына келер болсақ, Шардарада су қоймасынан секундына 450 текше метр су жіберілуде. Ал Қызылорда су торабынан 95 текше метр су өтіп жатыр. Мамандар биыл елді мекендерге төнетін қауіп жоқ, өзендегі су наурыз айының соңына дейін еріп бітетіндігін айтады.