Синоптиктер наурыздың 13-і күнгі ауа райы болжамын ұсынды
«Қазгидромет» наурыздың 13-і күнгі ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазгидромет» таратқан мәліметтерге қарағанда, бүгін елдің батысында, солтүстік-батысында, және солтүстігінде атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады. Яғни республиканың кей жерлеріне жауын жауып, тұман түсіп, көктайғақ болып, жел күшейеді. Солтүстікте тіпті жаяу бұрқасын да болуы ықтимал.
Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар аумақтарында тұман түсіп, түнде және таң ата көктайғақ болып, жаяу бұрқасын соғады. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетіп, кей жерлерде ол 23-28 метрге дейін барады.
Ақмола, Қостанай облыстарында тұман түсіп, көктайғақ болып, желдің жылдамдығы секундына 15-22 метрге жетеді.
Алматы облысында түнде және таң ата кей жерлерде тұман болып, Жалаңашкөл ауданында жел секундына 17-22 метрге дейін күшейеді.
Ал Атырау, Ақтөбе облыстарының бірқатар аумақтарында тұман түсіп, күндіз жел секундына 15-20 метр жылдамдықпен ұйтқиды.
Батыс Қазақстан облысында бірқатар аумақтарда тұман түсіп көктайғақ болады.
Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды облыстарында түнде және таң ата Шығыс Қазақстан облысында, Түркістан облысының кей жерлерінде тұман түседі.
Маңғыстау облысының бірқатар жерлерінде күндіз желдің жылдамдығы 15-20 м/с болады.