Нұрсұлтан Назарбаев салқын тигізіп алған екі әйелге дәрі апарып берді
Көпбалалы аналар Президенттің қолынан алқа тағынды. Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада әр салада табысты еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді халықаралық мерекесімен құттықтады. Араларында 6-7 баланың анасы атанған кәсіпкер, ғалым әйелдерге алтын және күміс алқаларды өз қолымен табыстады, деп хабарлайды KTK.KZ.
Ақорданың ішінде гүл әдеттіген көп. Лифтіге кіріп бара жатқан немесе залда күтіп тұрған өңкей ер адамдар қолдарына таңертесімен гүл шоқтарын ұстап алған. Үлкен залға жиылған әйелдер қауымына да құрмет ерекше. Қыздар емес, жігіттер шәй құйып жүр. Президент те отырысты ресми емес, мейлінше бейресми өткізуге тырысып, аталы сөзден бастады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Баяғыда Төле би бабамыз, әйелің жақсы болса, бірінші иманың, екіншісі жиғаның, үшіншісі ырысың деп айтқан екен. Сіздер әрдайым ер азаматтарға қолғанат болып, оларды үнемі қолдап келесіздер.
Қоғам талқысынан түспей тұрған көпбалалы аналар мәселесі Елбасының да назарында. Салтымызда Аналар мәртебесінің биік тұратынын айтқан Назарбаев тұрмыс тауқыметін тартып отырған отбасыларға әлеуметтік көмекті келесі айдан бастап көрсете беру жөнінде тапсырма берген. Әдетте мұндай отырыстарды көңілді өткізетін Президент қыз-келіншектерді бұл жолы да әзіл-қалжыңнан кенде қылмады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әйелдер айнаның алдында жылына 120 сағат немесе 5 күнін өткізеді екен. Ғалымдар да әйелдердің орта есеппен өмірінің 17 жылын диетада өткізетінін анықтапты. Сонымен бірге, өмірінде 2-3 килограмм помада тұтынады екен. Шын мәнінде, мұның бәрін біз, ер адамдар үшін және өз сұлулықтары үшін істейтіні анық. Бізге, еркектерге үкімет пен әйелдердің ақшаны қалай жұмсайтыны ешқашан ұнамайды. Алайда, соны сынауға келгенде тек үкіметке ғана шамамыз келеді.
Аяқасты жөтел қысқан бір-екі әйелге нақ жиын үстінде джентельмендік танытып, өзі дәрі апарып берді. Дәрінің күші ме, әлде Елбасының қолынан алғандықтан ба, сол мезетте жазылып жатты. Кең үстел басына жиылғандардың кейбірін тіпті жеке таниды.
Самал Есләмова, актриса:
- Мен қатты елді сағынам. Елдің аспанын сағынам. Және біздің Қазақстанның аспанындай аспан басқа жерде жоқ. Құдай бұйыртса, мамыр айында бір көркемфильм бар. Содан кейін жазда Қытай, Моңғолия, Канада біріккен жоба бар.
Президент оркестрінде 20 жыл өнер көрсетіп келе жатқан әнші Клара Төленбаеваны да Нұрсұлтан Назарбаев жақсы таниды. Бұл жолы да ән айтып беруін сұрады.
- Сүймесем, сені сәулем, дәл бұлай сағынбас ем.
Қатысушылардың арасында алтын құрсақ аналар да бар екен. Мәселен, Мәншүк Мәмбетова бұл жиынға әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті емес, 6 баланы өмірге әкелген батыр ана ретінде келіп отыр.
Мәншүк Мәмбетова, «Күміс алқа» иегері:
- Есімім Мәншүк болғандықтан, қайтсем де батыр болмай қоймаймын деп «Батыр Ана» атанып отырмын. Осы Ақордаға келіп қалдық. Сондықтан өте қуаныштымын. Шынымды айтсам, бұл алқаны аулымыздың әкімі береді екен деп күткем. Бірақ, сіздің қолыңыздан алу мен үшін ерекше бақыт болды.
Мемлекеттегі бірінші дәрежелі адаммен жүзбе-жүз кездескен әйелдер қауымының жүздері бал-бұл жайнап кеткен. Құшақ толы гүлдерінен бөлек, сыйға алған қазақы зергерлік әшекейлерін мақтанышпен тағып жүреміз дейді.
Ресми мәліметтерге қарасақ, еліміздегі әйелдердің саны еркектерге қарағанда сәл де болса көп екен. Олардың халық санағындағы үлесі 51,5 пайызды құрайды. Ақордаға жиылған әйелдер қауымының жартысы негізінен кәсіпкерлер мен небір шаруаның басында жүрген мекеме басшылары. Алайда Президент оларға әдемі әзіл мен орынды қалжың айтып, көңілдерін аулап, ерекше әсерге бөледі. Көктемдей құлпырған әйелдердің келуімен Ақорданың іші де бүгін жайнап кеткендей.