Қызылорда облысында «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздары 10 миллион теңгеден алды
Қызылордада 2018 жылдың қорытындысымен алғаш рет облыстық "Үлгілі ауыл" байқауы өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Туған жер" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған "Үлгілі ауыл" байқауына аймақтың 13 елдімекені қатысты. Байқау жеңімпазын анықтау кезінде ауылдың тазалығы, көгалдандырылуы, қажетті әлеуметтік нысандармен қамтылуы, тұрғындарының әл-ауқаты ескерілді.
"Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру және елдімекендердің өмір сүру жағдайы мен сапалы инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатындағы байқау жеңімпаздарын марапаттаймыз.
Байқау шартына сәйкес жеңімпаз атанған ауылдар сыйақының 80 пайызын көгалдандыру, абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына жұмсауы тиіс. Қалған 20 пайызын әлеуметтік нысандардың қажеттілігіне бағыттауды тапсырамын", - деді аймақ басшысы.
Байқау қорытындысы бойынша келесі елдімекендер марапатқа ие болды:
Тірек елдімекендер арасында:
I орын-Жанқожа батыр ауылы (ауыл әкімі Сапарбек Қуатов), сыйақы-10 млн. теңге;
II орын - Арал ауданы, Октябрь ауылдық округінің Шижаға елдімекені (ауыл әкімі Нұрбек Жандәулетов), сыйақы – 7,5 млн. теңге;
III орын – Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылы (ауыл әкімі Өмірсерік Әбдіхалықов), сыйақы – 5 млн. теңге;
Ынталандыру сыйлығы – Шиелі ауданы, Еңбекші ауылы (ауыл әкімі Бәйімбет Омаров), сыйақы - 2 млн.теңге.
Елдімекендер арасында:
I орын – Ақсуат ауылы (ауыл әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев), Қызылорда қаласы, сыйақы-10 млн. теңге;
II орын - Қазалы ауданы, Ғани Мұратбаев ауылы (ауыл әкімі Абай Рыстығұл), сыйақы- 7,5 млн. теңге;
ІІІ орын-Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылы (ауыл әкімі Сағдат Нұрмағанбетов), сыйақы – 5 млн. теңге және ынталандыру сыйлығы – Қармақшы ауданы, Қармақшы ауылы (ауыл әкімі Әлімбай Білжанов), оларға да 2 млн. теңге сыйақы берілді.
Әрі қарай байқау жыл сайын өткізілетін болады.
Сондай-ақ, жиында бұқаралық спорт түрлерімен айналысуға жақсы жағдай жасаған үздік аудандар марапатталды. Сайыс жеңімпазы – Қызылорда қаласы, ал екінші орынды Жаңақорған ауданы, үшінші орынды Шиелі ауданы иеленді.