Қуандық Рахымның орындауындағы «Мен қазақпын» әнін қырғыздар ұрлап алған
Кезінде еліміздегі БАҚ өкілдері қазақ эстрадасындағы әншілердің басым бөлігі қырғыздардан ән ұрлайтындығын жарыса жазатын. Жас әншілер ізденуден қалып, өзге елдің әндеріне жиендік жасайды деп кінәлайтын. Ал қазір бұл жағдай өзгерді. Керісінше қырғыз ағайындар қазақ өнерпаздарының әндерін айта бастаған. Бұл туралы белгілі журналист Ержан Байтілес өзінің фейсбуктағы парақшасында жазды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
«Қайбір жылы мынандай әзіл шығып еді.
- Қазір қырғыздар жаңа әндерін сыбырлап айтады екен.
- Неге?
- Қатты айтса, қазақтар көшіріп алады деп қорқатын көрінеді.
Одан бері бірқанша уақыт өтті. Қазір қазақ әншілері Алатаудың арғы бетінен ән алмайтын болды. Бағытымыз басқа елдерге бұрылып, назарымыз өзгелерге түсе бастады ғой деймін. Есесіне айырқалпақты ағайын біздің өнерпаздардың әндерін өз қоржындарына қоса бастады. Алысқа бармай-ақ, біздің Розаның (Әлқожа ред.) бірнеше әні қырғыз ағайынның ән аспанында қалықтап тұр. Соңғы кездері Розканың қырғыз әншілерімен дуэт орындап жүргенін де білеміз. Сондықтан жоғарыдағы әзілді бүгінде керісінше айтатын жағдайға жетіп қалдық қой деп шамалаймыз», - деп жазады Ержан Байтілес.
Оның айтуынша, елімізге белгілі жас әнші Қуандық Рақымның орындауындағы «Мен қазақпын» әнін қырғыздар өз тілдеріне аударып айтып жүр екен.
«Әзіл әзілімен. Дегенмен мынандай бір жағдайға куә болып отырмыз. Қуандық Рақым орындайтын "Мен қазақпын" деген ән бар емес пе? Былтыр ма еді, Отардағы полигонда тұтас әскер осы әнді айтып, бойымыздағы қанымыз қызып, рухымыз асқақтап бір барақат күй кешіп ек қой бәріміз. Сол "Мен қазақпынды" қырғыз ағайындар өз тіліне үтір-нүктесін өзгертпей көшіріп, бір нотасының орнын ауыстармай қотарып алып, домбыраның үнін қомызымен алмастырып "Мен қырғызбын" деп айтып жүр екен. Бұл ән өзіміз жақсы көретін, өнерін құрметтейтін, жас та болса жалынды, сазгерлігі қарымды, әншілігі алымды Жарасхан ініміздің туындысы болатын. Сөзін Нұржан Өмірбай жазған. Қырғызша нұсқасында сөзін Кудырет Тайчабаров, әнін Ахат Эрмекбаев шығарған деп тұр. "Мен қазақпынды" қырғызбын деп ауыстырмасын демейміз, сөзін жазған адам аударған шығар, еңбегі бар дейік, оған да көнейік. Ал енді әнді өзгеріссіз алып, өз аттарынан шығарғаны ұят тірлік екен. Жиендіктің түр-түрін көріп едік. Бірақ авторын атынан аударып тастап, өз есім-сойын бақырайтып жазған, ұрлаған жиендікті енді көріп отырмыз», – дейді танымал журналист.
Е.Байтілестің жазуынша, қазір білмей, көрмей, байқамай қалады дейтін заман емес. Ғаламторың әлемнің әр түкпірінен ақпаратты жеткізіп тұр.
«Ең болмаса, әні Жарасхан Төлебайдікі деп шырқаса, несі кетеді дейсің ғой. Бұ жазбамызды Алатаудың ар жағындағы ағайындар оқыр-оқымас. Бірақ бұлай көзіңді бақырайтып қойып тонауды қою керек...» – деп ренішін білдірді.