Үлкен көмек, үлкен қолдау
Елбасы жуырда ғана «Нұр Отан» партиясының жақында өткен съезінде тұрмысы нашар және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету туралы айтқан еді. Бұл құптарлық іс, өйткені өркениетті елдердің қайсысын алсаңыз да, мұндай көмектің небір түрі көрсетіледі. Бізде де дамыған елдердегідей халқымыздың тұрмыс деңгейі жоғары болғаны жөн.
Мен 10 баланың анасы, Батыр анамын. «Нұр Отан» партиясының съезінде мемлекет басшысы тұрмысы төмен отбасыларға, әсіресе көпбалалы отбасыларды қолдайтын шараларды қабылдағанын үлкен қуанышпен қабылдадым. Расында, әр балаға берілетін 21 мың теңге біршама әлеуметтік мәселелерді шешеді. Бұл көп балалы отбасыларға үлкен көмек, үлкен қолдау.
Бұл сөз жерде қалмады. Кеше Елбасының төрағалығымен әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткені бәрімізге мәлім. Қазақстан Президенті әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылар мемлекеттің қамқорлығын жақын арада сезінуі тиіс екенін атап өте келе, көмекке аса мұқтаж және көп балалы отбасылар биылғы 1 сәуірден кешікпей әлеуметтік көмек алуын қамтамасыз етуін тапсырды.
Аталған бастамалар мен шешімдердің қайсысы болсын, үлкен қамқорлық, нақты бастама және елге көмек деп есептеймін.
Зейнеш АЛЖИМБАЕВА,
көп балалы ана, Қызылорда қаласы