Әлжан Ана
Қазақ ананы қадірлеп, қастерлеген халық. Ұлттық нанымда «Ананың басқан жерінде пейіш бар» десе, енді бірде «Анаңды Меккеге арқалап барсаң да ақ сүтін өтей алмайсың» дейтін тәмсіл бар. Ананың перзентіне деген шексіз сүйіспеншілігі мен риясыз көңілін қазақ жыр-термелерінде де көп кездеседі. «Тоғыз ай он күн көтерген, еңбегімен еті өлген, бір сен үшін қиналып, мехнат тартқан төтеннен» деп ананың еңбегін жырласа «Жәрдеміңе жараған, қабағыңа қараған, жыласаң көңілі жүдеген, қуансаң көңілі үдеген» деп ананың перзентіне деген махаббатын дәл суреттеген қазақтай ұлт жоқ-ау, сірә. Бұл, қазаққа ғана тән Ұлттық болмыс! Ұлттық код! Ұлттық сана!
Әлқиса, әңгіме еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының анасы – Әлжан ана жайлы болмақ. Әдетте «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан», «Алып анадан туады» дейтін даналық бар.
Тарихы терең, тағылымы мол Тараз өңірі тұнған табиғатқа ғана емес, парасатты ғалымдар мен елді аузына қаратқан ақын-жырауларға да бай киелі мекен. Әріден қозғасақ, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Жалайыр Әли секілді ғалымдар мен Ақтамберді, Қылышбай, Бөлтірік шешен, жыр алыбы Жамбыл мен Кенен, Ұлбике мен Жаңылдық, Сарыбас пен Сауытбек секілді ақын-жыраулар шығармашылығы қазақ руханиятына қомақты үлес қосты.
Кенен ақын жырына қосқан Қордай өңірі кенге де кемел тұлғаларға да бай мекен. Киелі Қордай өңірінде Ұлт көшбасшысы, мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың анасы дүниеге келген. Әлжан ананың ағасы Бөлеген білімді, қоғам қайраткері болған. 1934 жылы «Қасық» колхозын басқарған Бөлеген, темекі егіп, елді еңбекке жұмылдырып, жоқшылық пен ашаршылықтан елді аман алып қалған қайраткер азамат болған. Туған ауылына мәдениет орталығы мен мектеп салдырып ауылын көркейтіп, шаруашылығын түзетіпті. Көреген басшының іскерлігінің арқасында көр¬кейген ауыл Одаққа танылып үлгерген. Бүкілодақтық староста Калининнің өзі заманында гүлденген ауылға ат басын бұрған екен. Қоғам қайраткері Ораз Жандосовпен бірге В.Калинин ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл басшысы Бөлегеннің үйінен дәм татыпты. Дастарқан басында Ораз Жандосов: «Михаил Иванович, халқымыздың дәстүрі бойынша құрметті қонағымыз ретінде, дастарқанға бата беріңіз» – депті. Сонда В.Калинин қымыз құйып отырған талдырмаштай жас Әлжан анамызға қарап: «Жері азған елде тоқшылық болмайды, елі ынтымақты елде жоқшылық болмайды, байлық – байлық емес, бірлік – байлық, береке-бірлікте, социализмде, колхозда. Бағың жансын!» депті. Дастарқан басында отырған ақсақалдар: «Ойпырмай, мына Калинин шалыңның кереметтігін қарашы, Әлжанға біздің бабаларымыздың батасындай бата берді» депті. Қоғам қайраткері Бөлеген ағаны жергілікті партия ұйымы, Қасық колхозын көркейткен еңбегін ескеріп, Қордайдың тау бөктеріндегі Красногор ауданы Ворошилов ауылындағы партия ұйымының жетекшілігі қызметіне жібереді. Кейіннен аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болады. Сол қызметінде жүрген кезінде 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып кетеді. Ауылдың аузы дуалы қариялары «Енді бұл әулеттің шырағын Бөлегеннің қарындасы Әлжан жағады» деп өжет, қайсар мінезді Әлжан Ананың болашағынан үлкен үміт күтіпті. Ел ішінде «Ән тыңдасаң Қасыққа бар, қыз таңдасаң Қасыққа бар» деген сөз тегін айтылмаса керек. Осынау іргелі елдің текті қыздарынан намысты ұрпақ тарайтынын көнекөз қариялар болжаған-ау, шамасы… Қазақ халқы болашақ ұрпақтың анасы қыз баланы ерекше құрметтеп өсірген. «Қызыңды тәрбиелегенің – ұлтыңды тәрбиелегенің» деген тәмсіл де содан қалса керек.
Әлжан Ана ағасы Бөлеген ұсталып кеткеннен кейін, жер аударылған әкесімен бірге Үшқоңырға келеді. Сол тұста Әбіш әке жер аударылған арестанттарға басшы болып, жол салдырып жүрген кезі екен. Аққұба келген талдырмаш қыз Әлжан анамен танысып, құда түседі. Бір жылдан кейін шаңырақ көтеріп, Әлжан ана екеуі ауылдық кеңес кеңсесіне барып неке қию туралы куәліктерін алады. Некелерін кеңседе қиғандарына разы болмаған қайын атасы (Әлжан ананың әкесі) некелерін өзі қайта қиятынын айтады. Күйеу баласы некесін молдаға қидырмайтынын айтыпты. Қайын атасы шариғат жолымен де емес, бұрынғы бабалар дәстүрі бойынша қиямын депті. Сөйтіп ақсақал қызы мен күйеу баласының некесін Үшқоңырдың басындағы топ қайыңға апарып, бұрынғының жолымен рәсімін жасап қиыпты. Халқымыз ислам діні келмес бұрын тәңіршілдік жолымен екі жасты қайыңға апарып, жігіттің тұлымы мен бойжеткеннің бұрымын қосақтап байлап, ақ қайың түбінде уәде бергізіп, үлкендер бата беріп қиятын дәстүр болған. Қазақтағы «қайын жұрт, қайын ене, қайын ата, қайын сіңлі, қайын аға» деген сөздері осы дәстүрден қалған екен. Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас жұбайлар некесін Ақ қайыңмен байланыстырып, киелі ағаш секілді тамырын тереңге жайсын, үрім-бұтақтары көп болсын деген ырым, Ақ қайың түбінде берген серттеріне берік, махаббаттары мәңгілік болсын деген ұлттық пайымнан туындаған дәстүр болса керек. Болашақ Ұлт көшбасшысының ата-анасының некесі ақ қайыңдар саясында қиылып, Әлжан ананың әкесі Жатқанбай ақсақал «қайын ата» болып ауылға қайтады. Осылайша некелері де ерекше қиылған екі жас тату-тәтті өмір сүреді. Әлжан Ана ақкөңіл, кеңпейілді, ақжарқын келін болып, қайын жұртын жатырқамай, әулеттің үлкен-кішісін бауырына тарта білген екен. Ол «Мен келін болып түскен кезде бір бөлмелі үйде бесеуіміз тұрдық» деп еске алатын. Қазақта көңіл сыйса, бәрі сияды деген сөз бар. Бұрынғы аналарымыздың пейілінің кеңдігі мен бауырмалдығы арқасында, әр үйдің берекесі кетпей, ырысы қашпаған. Үлкендерден бата алып, некелері де бұрын-соңғының жолымен қиылған жұбайлар бес жылға дейін перзент сүйе алмай жүреді. Баласының жабырқап жүргенін көрген Мырзабала әже келінін ертіп Алматыдағы әулие Райымбек батырдың басына барып түнейді. Түн ауғанда Әлжан Анаға ақ киінген ақсақал көрінеді. Әлжан ана сөйлейін десе, үндеме деген ишарат білдіреді. Ертесінде келінінен болған жайды естіген енесі тағы бір күн түнемек болады. Екінші күні де әлгі ата Әлжан ананың түсіне тағы кіреді. Бұл жолы қасына жақындап келіп «балам мұңайма, ұлды боласың. Сол ұлдың артынан ұрпақтар ереді, тек балаларыңның атын ұйқастырып қоюшы болма» деп, алақанымен бетіп сипап, ғайып болыпты. Ертесінде келіні енесі мен шырақшы атаға көрген түсін баяндайды. Шырақшы қария: «Алла тілектеріңді береді екен, енді ауылдарыңа қайтсаңдар болады» депті. Сөйтіп ене мен келін ауылға келеді. Арада көп уақыт өтпей Мырзабала әженің келінінің аяғы ауырлайды. Сол кезде Әлжан Ана тағы да түс көріпті. Ол: «Түсімде суы тұп-тұнық, түпсіз терең теңізде жүзіп жүрмін. Батып кетемін-ау деген үрей мүлде жоқ. Теңіз түбінен үлкен мылтық көрдім. Әбішке апарып берейін деп әлгі мылтықты бір қолыма ұстап, екінші қолыммен жүзіп, теңіз жағасына жетіппін» деп айтып беретін. Әлжан Ана мылтықты – перзентінің ұл бала болатынына, теңіздің жағасына жеткенін – арманына жететініне, теңіздің тұнықтығы мен тереңдігін болашақ перзентінің өмірінің мазмұнды әрі терең мәнді боларына жорыпты. Ақжүрек ана мұраты орындалды, тілегін тәңір берді. «Алпыс екі тамырын әу баста құдай идірген» ана түйсігі, ана жүрегі сезеді, ананың перзенті үшін тілеген тілегін қабыл етері хақ.
Әлжан Ана ай-күні жақындап босанар сәтін былай әңгімелеп отыратын: «Сұлтанымды тура жеті күн толғаттым. Тамақтан қалдым, әл-дәрменім таусылды. Ол кезде Шамалғанда перзентхана деген жоқ болатын. Әбіш екеуміз шілденің ыстығында жүк таситын арбамен аудан орталығы – Қаскелеңге жол тарттық. Ол кезде асфальт жол жоқ, кедір-бұдыр жолмен ауруханаға зорға жеттік. Аурухананың алды ығы-жығы адам. Менің жағдайымды байқаған акушердің «тезірек, жылдам, жылдам» деген сөздерін ғана естідім. Арасында еміс-еміс «крупного мальчика поймал» деген сөздерді де естідім…. Сол талықсығаннан есімді екі күн дегенде зорға жинадым. Нәрестені емізуге әкелді, әлгіге емшегім онша иімеді, бөбек сорып-сорып еміп жатыр… Жанымдағы жас келіншек көзі бақырайып маған қарап отыр, не сөйлемейді. Сосын оған емізуге балпанақтай ұл баланы әкелді. Көзіме жылы ұшырап кетті, кімге ұқсайды деп бетіне үңіліп қарадым, қарадым да «опырым-ай, айнымаған Бөлеген бауырым ғой» деп дауыстағанда, ана келіншек жылап жіберді.
– Мен кеше түстім бе перзентханаға? – деп сұрадым, ол: «…сіңлім бүгін 8 шілде, сен екі күн ес-түссіз жаттың, қызыңның бауы берік болсын» деді. Өз құлағыма өзім сенбедім. Акушердің «крупного мальчика поймал» деген сөздері есімде, оның үстіне Райымбек бабаның басына түнегенде әулие атаның аян бергені бар… Қолымдағы баланың жөргегін дереу ашып қарадым, қыз бала… Жүрегім су ете қалды. Баланы орай салып, акушерге бардым: «Сіз айтыңызшы, мен кімді тудым? – дедім. Ол «кім дегеніңіз қалай?», сіз ұл бала тудыңыз деді де, қолымдағы баланы алып жөргегін ашып қарап, көзі шарасынан шығып кетті. Медбикелерді шақырып, баланы табыңдар деп айқайлап, екі аяқтарын бір етікке тықты. Сөйтсем қасымдағы келіншек бұған дейін қыз балалары бар екен, күйеуі «осы жолы ұл тумасаң, үйге келме» депті. Амалы таусылған әйел, бір медбикемен келісіп, мен талықсып жатқанда балаларды ауыстырып алыпты. Перзентханадан шығарда әрқайсымыз өз балаларымызды алып үйге қайттық» деп әңгімелеп отыратын Әлжан Ана.
«Ананың көңілі балада» демекші, әзиз АНА перзенті алыста жүргенде көңілі алаңдаулы, жүрегі күпті болады. Сағынады… Жолын тосып елеңдеп отырады, ұлы жайлы әңгіме айтқанда көздері күлімдеп, көңілі шаттанады, ұлын мақтан тұтады, перзентінің әрбір ерекшелігін сүйсіне әңгімелейді. Нұрекең Теміртауда жұмыста жүргенде ұлын сағынған Әлжан Ана салып-ұрып жиі іздеп барады екен. Алматының апортын сәлем-сауқат ретінде апарғанды жақсы көріпті: «Демалыс алып елге келген ұлымды қарсы алғанда Бөлеген бауырым көз алдыма елестейді, қарағымның өң-түсі, жүріс-тұрысы бауырымнан аумайды» деп жүрегі елжірейтін Асыл ана.
Әлжан ана ағайын-туысқа мейірімді, қайырымды, көпшіл, ақкөңіл жан еді. Біздің балалық шағымыз соғыс жылдарында өтті. Әлжан ана секілді аналарымыздың парасаттылығының арқасында ауыл-аймақтың татулығы мен ынтымағы жарасып, берекесі артып, ырысы молайып отырды. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдарды да халқымыз басынан өткерді.
Қазақтың кең байтақ Ұлы даласы текті ұрпақ тәрбиелеп, өсірген парасатты аналарға бай, Құдайға шүкір! Домалақ Ана! Өмірі ат үстінде күреспен өткен Бопай ханша! Шоқанды қанаттандырған Айғаным Ана, Абайды өмірге әкеліп, тәрбиелеген Зере, Ұлжан Аналар! Мұхтар¬дың әжесі Дінәсіл Ана секілді дана, дара аналар қазаққа рухы асқақ, намысты, жігерлі, қайталанбас тұлғалар сыйлады. Мемлекеттің іргесін бекітіп, Қазақ Елінің Тәуелсіздігін қалыптаған, бабалар арманына жеткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты дүниеге әкелген біздің аяулы анамыз Әлжан Ана да құрсағына құт қонған сол Аналарымыздың қатарында деп білеміз.
Адамзаттың асылы болған Аналар рухы мәңгі жасай берсін!
Сәдуақас ЕСІМБАЙ
«Ана тілі» газеті