Аудан әкімі ғасыр жасаған кейуананы құттықтады
Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Аралқұм ауылдық округінің тұрғыны 103 жастағы Тәжігүл әженің шаңырағында болды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ғасыр жасаған кейуананы 8 наурыз-Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаған аудан басшысы иығына ақ жаулық жауып, арнайы құттықтау мен сый-сияпат табыс етті. Сонымен қатар, әулетінің ақылшысы, береке-бірлігінің ұйытқысы болып отырған әжейге зор денсаулық пен амандық тіледі.
Тәжігүл әжей тылда тер төккен, одан кейін Райым колхозында зейнет жасына жеткенше балық шаруашылығы саласында ұзақ жылдар табанды еңбек еткен. 9 баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ананың бүгінде 33 немересі, 66 шөбересі, 3 шөпшегі бар.
Мерекемен құттықтай келген ел азаматтарына Тәжігүл әжей ақ батасын беріп, елге жасап жатқан қызметтеріне абырой тіледі.