Қала әкімі аналарға құрмет көрсетті
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында қаламыздағы аяулы аналарымызға, аруларымызға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Ақ жаулықты аналарымызды мерекелерімен құттықтаған қала басшысы барлық қошемет, көрсетілетін барлық құрмет әрқашан аналарымызға арналатынын, атап өтті.
«Осы күні қаламызда еліміздің тыныштығына ұйытқы болып, бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, бүгінгі өркениетті қоғамды қалыптастыруға зор үлес қосып жүрген 3 мың 500-ден аса Батыр аналармыз болса, төрт немесе одан да көп бала тәрбиелеп отырған жас аналардың саны 6 мыңнан асты. Жасы 100-ге жеткен үш кейуанамыз болса, Ұлы Отан соғысына қатысқан бір ардагеріміз бар.
Бүгінгі қоғамда нәзік жандылар тек қана отбасының шамшырағы ғана емес, түрлі саланы меңгерген кәсіби маман иелері. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, журналистика, қаржы, кәсіпкерлік, әлеуметтік қамсыздандыру сынды халқымыз үшін ең маңызды салаларда қызмет етеді. Тәуелсіз еліміздің атын шығарып, көк байрағымызды биіктен көрсететін чемпиондарымызды, елі үшін тер төгіп аянбай еңбек ететін қайраткер тұлғаларымызды, кірпік қақпай ел іргесін күзетер жауынгерлерді, халыққа қайырымы мол жомарт жүректі жандарды, ұрпақ пен ұлт тәрбиесінің міндетін арқалаған ұстаздарымызды және осында отырған баршамызды дүниеге әкелген алтын құрсақты аналарымызға қашанда басымызды иіп, алғысымызды айтамыз», - деді қала әкімі.