Сенат депутаттары жұмыс сапарымен Қазалы ауданында болды
Кеше Қазалы ауданына ҚР Парламент Сенаты депутаттары Мұрат Бахтиярұлы мен Бекмырза Еламанов арнайы жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Ауданға арнайы іс сапармен барған Сенат депутаттарының негізгі мақсаты Елбасымыздың Қазақстан халқына «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын жүзеге асыруда туындайтын мақсаттар мен міндеттерді өңірлерде ақпараттық – насихаттау.
Сенаторлар алдымен Қазалы ауданаралық ауруханасында болып медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиынды аудан әкімі орынбасары Әлімжан Жарылқағанов жүргізіп, алдағы жұмыстардың бағыт-бағдарына тоқталды.
Кездесу барысында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 26 ақпан 2019 жылы «Нұр Отан» партиясының съезінде көтерілген мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиында сөз алған Мұрат Бахтиярұлы ең бірінші мақсат – халық денсаулығы, одан кейін білімі және әлеуметтік ахуалының қорғалып жоғарғы деңгейде болуы деп өз сөзінде атап көрсетті.
«Елімізде сапалы медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін ең бірінші мамандардың еңбек ақыларын көтеру басты назарда. 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап орта буын қызметкерлерінің айлық жалақысы 30 пайызға көтерілетін болады. Қазіргі уақытта медицина саласын сандық форматқа көшіру жүзеге асырылып жатыр. Бұл медицина саласын қағазбастылықтан арылтуға апаратын бірден-бір жол және сапалы, аз уақыт ішінде қызмет көрсету мүмкіндігін береді», - дейді Мұрат Бахтиярұлы.
Парламент Сенатының депутаты Бекмырза Еламанов елiмiздi одан әрi дамытуда, бағдарламаны өңірлерде жүзеге асыруда сапалы заңнамалық қамтамасыз етудiң маңызды екенiн атап, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңнамаларға тоқталып өтті.
Сонымен бірге Мұрат Бақтиярұлы әлеуметтік мәселелерге, ішкі миграция, инфрақұрылым, жастардың жұмыссыздық мәселелері жөнінде пікірін білдірді. Жиын барысында қатысушылар сөз алып, халық қалаулыларына ұсыныстарын жеткізді.
Одан кейінгі сенаторлар №170 мектеп ғимаратында болып аудандағы мектеп директорлары мен мұғалімдерімен кездесті. Білім саласындағы оң өзгерістерге тоқталып өткен сенаторлар білім саласының қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.