Қызылордада халықаралық әйелдер күні аталып өтті
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев түрлі саладағы белсенді нәзік жандыларымен кездесіп, алдағы Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы атап өткендей, әйел-аналардың саясатта да, ғылымда да, өнерде де өз орны бар. Әсіресе, асыл жандардың ұлттың өсуі мен табиғатын сақтап қалуындағы рөлі айрықша. Сұлулық пен даналықтың, әсемдік пен сүйіспеншіліктің үлгісі бола жүріп, күнделікті қажырлы еңбектері арқылы отбасы жағдайымен қатар, ел дамуына зор үлес қосып келеді.
«Бүгінгі таңда педагогтардың 73 пайызы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызы әйелдер екен. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы әйелдердің үлесінде. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 35,4 пайызды құрайды. Саясатта да әйелдердің тұлғасы биіктей түсуде. Орта және шағын бизнесте де әйелдердің үлесі 80 пайыздан кем емес. Өңірлік инвестициялық орталық арқылы облыстық бюджеттен шағын несиеге 1 млрд. теңге бөлініп, бүгінгі таңда 258 жоба қаржыландырылса, оның ішінде 112 жоба әйел кәсіпкерлерге тиесілі»,-деді аймақ басшысы.
Айтыскер Мұхтар Ниязов салтанатты шараға қатысушыларға арнауын айтып, әйел-аналарды жырға қосты.
Кездесуге қатысқан арулар аймақ басшысына көрсеткен құрметі мен қолдауы үшін алғыстарын білдірді.
"Балаларымды аштық пен жоқшылық кезеңінде өсірдім, жұмыстан келіп пешті жиналған шеңгел жағып, сол шақтарда отбасын қалай асырап бағамын, оларға тамақ тауып беру, киіндіру керек деп ойлайтын едім. Қазір біз жақсы өмір сүрудеміз, жұмыс істесең – бәрі де болады", - дейді Батыр ана Ханымкүл Оспанова.
"Облыс және аудан басшылығына мың алғыс. 2018 жылы кәсіпкерлерді қолдау жылында «Өзіңе өзің сене біл» атты облыстық мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында өткен байқаудың жеңімпазы атандым. Облыс әкімінің 1 млн тг көлеміндегі қаржылай сыйлығын жеңіп алдым. Әр адамның басында қиыншылық болады, тек соған мойынсынбау керек, басыңды тік көтеріп, тағдырдың сынағын қабыл алу, мықты адамның ғана қолынан келеді деп ойлаймын", - деді мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер Қасиет Орал.
Сондай-ақ, Н.Бекежанов атындағы театрда салтанатты шара өтті. Мерекелік концертте республикаға танымал әншілер мен жергілікті жұлдыздар, олардың қатарында отбасылық жұп Жанболат пен Жазира өнер көрсетті.
«Елбасының «Алаштың анасы» деп атауы да бекер емес. Қасиетті жеріміздің әлеуетінің артып, ажарының көркеюіне Сіздер, құрметті әйел-аналар, апа-қарындастар, әрдайым үлес қосып келесіздер. Бұл үшін сіздерге мың алғыс!», - деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде.
Айта кетейік, Қызылорда облысында әйелдерді қолдау бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізіліп келеді. 2018 жылдың мамыр айында аймақта 40-қа жуық қатысушымен кәсіпкер әйелдердің бірінші форумы өтті. Сонымен қатар, көмек-қолдаулардың жекелеген шаралары көп балалы және жалғыз басты аналар, халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа да өкілдері үшін көзделген.