Әскери қызметшілер латын әліпбиін меңгеруге дайын
Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментте «Латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы» тақырыбында семинар өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында сөз алған «Тілдерді оқыту орталығының» директоры Н.Мусаева, семинарға келген Отан қорғаушыларға латын әліпбиінің маңызы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Тілдерді оқыту орталығының» әдіскерлері мен мемлекеттік тіл оқытушылары көшбасшымыздың салиқалы саясатын қолдай отырып, мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын оқу-семинарларына жиі қатысып, білімдерін шыңдауда. Латын әліпбиін кез-келген мекемеге уақыт талабы жүйелі болса, ақысыз негізде меңгертуге ұжымдастарым дайын», - деді Н.Мусаева.
Қазақ тілінің оқытушысы Г.Айдарова латын әліпбиіне қатысты алдымен жазылым дағдысын және мәтіндерді оқыту арқылы оқылым дағдысын қалыптастыру жұмыстарын жүргізді. Тест тапсырмалары арқылы түсіндірілген дәрістің нәтижесін ZipGrade бағдарламасы арқылы жылдам тексерілді. Әскери қызметшілерде латын әліпбиін меңгеру деңгейі бойынша өзара пікір алмасты.
Семинар соңында Гауһар Айдарова тыңдаушыларды сергіту шеңберінде психологиялық тренингтер де ұйымдастырды.