Көмекке мұқтаж отбасыларды анықтайтын тетік енгізіледі – Б.Сапарбаев
Әр отбасының мәселесі тыңғылықты қаралып, тиісті көмек тағайындалады. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Көмекке мұқтаж отбасыларды қолдауға екпін қойылатынына тоқталған министр,
«Ол үшін жергілікті атқарушы билікпен жұмыс істеп жатырмыз, біз әр отбасыға жеке әлеуметтік картаны әзірлемекпіз. Бұл тұрғыда отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, олардың табыс деңгейі, отбасыдағы проблемалар қамтылады. Осы картаның негізінде қолдау көрсету үшін көмекке ең мұқтаж деген отбасыларды, азаматтарды анықтаймыз», - деді министр.
Сонымен қатар, Б.Сапарбаев Мемлекет басшысы бюрократияны төмендетуге қатысты тапсырма бергенін еске салды.
«Отбасылар атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін бір бума қағаз жинайды, сондай-ақ арлы-берлі мекемелер арасында жүреді. Соны азайту үшін қазір бізде «Е-Халық» ақпараттық жүйесі бар, сол арқылы тиісті жұмыстар іске асырылады», - деді ол.
Осы орайда, ол жұмыспен қамту орталықтары, ауылдар мен аудандардың, қалалалардың әкімдіктері қажетті қадамдарды атқаратынын жеткізді.
«Егер тұрғындардың құжаттары жеткіліксіз болса, сол құжаттарды беретін мемлекеттік органдардан қажетті мәліметтерді алып, азаматтарға тиісті көмекті тағайындайтын болады», - деді Б.Сапарбаев.