Билетсіз жүрген жолаушылар, заңды бұзған жолсеріктер анықталды
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекция басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Пірназарова мәлімдеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Қызылорда станциясындағы желілік ішкі істер бөлімі, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің және теміржол вокзалы өкілдерінен құрылған жұмыс тобы тексеру жүргізді.
"Нәтижесінде 36 жолаушы пойызы тексеріліп, 31 билетсіз жолаушы анықталды. Сондай-ақ, пойыздарда 5 өртке қарсы қондырғы, 14 санитарлық бұзушылық және де өзге 75 бұзушылық анықталды. Заңды аяқтан басқан 13 жолсерік әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді Гүлмира Пірназарова.
Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде жолаушы поездарының қызмет сапасы, жол құжатынсыз қатынайтын жолаушылар, вокзалдардағы билетті алыпсатарлар бойынша да видеолар мен суреттер көбеюіне байланысты бірлескен тексеру жұмыстары жүргізілді.
Теміржол көлігі саласында қауіп төндіретін себептердің бірі кірме жолдардың жағдайы болғандықтан, кірме жол иелеріне, станция басшыларына қарамағындағы кірме жолдар жағдайын техникалық жарамды күйде күтіп-ұстауын қамтамасыз етуі талап етілді.
2018 жылы 107 теміржолға қарасты шарушылық субьектілері тексеріліп, тексеру нәтижесінде 961 бұзушылық анықталып, 22 кірме теміржолдарды, 7 станциялық және 39 бағыттамалы бұрмаларды уақытша пайдалануға тыйым салынды.