Қызылордада "Нұр отан" партиясы облыстық филиалы активінің отырысы өтті
Қызылордада Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы активінің отырысы өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Актив отырысына жергілікті атқарушы органдар, мәслихат, бастауыш партия ұйымдарының басшылары және партия белсенділері, жастар ұйымдары мен қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«Партия съезінде жария етілгендей, миллиондаған қарапайым қазақстандықтың тұрмысын жақсартуға, елдің әлеуметтік жағдайын күрт көтеруге бағытталған қыруар қаржының Елбасы пәрменімен уақытында ел ертеңіне деп құрылған Ұлттық қордан бөлінуі барша халқымызға жасалған аса үлкен қамқорлық. Бұл тікелей төлемақы ғана емес, сонымен қатар инфрақұрылымды, ауылдық жерлерді дамыту сияқты әлеуметтің көп қажетін қанағаттандыратын,бүкіл әлемді қаржылық дағдарыс шарпып отырған жағдайда мемлекетіміздің дамуына тың серпін беретін үлкен қолдау»,-деді аймақ басшысы.



«Бізде ауқымды бағдарламалар мен әлеуметтік жобаларды іске асыру тәжірибесі бар. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында біз тұрғын үй құрылысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік салада айтарлықтай табыстарға қол жеткіздік. Алайда, алда атқарылар міндеттерді іске асыруда атқарушы билік күн демей, түн демей, тынбай, талмай еңбек етуі керек»,-деді аймақ басшысы.
Естеріңізге салайық, жуырда Қызылордада Мемлекет басшысының "Нұр Отан" партиясының кезекті ХVIII съезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша кеңес өтті. Кеңесте халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдау және ауылдық жерлерді дамыту бойынша аймақтық әлеуметтік Жол картасын әзірлеу туралы тапсырма берілді.
