Қызылордада "Нұр Отан" партиясының 20 жылдығы аталып өтті
Қызылордада "Нұр Отан" партиясының құрылғанына 20 жыл толуына орай және Алғыс айту күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қ.Көшербаев нұротандықтарды партияның құрылғанына 20 жыл толуымен құттықтап, партияның бүгінгі мерейлі мерекесі кезекті тарихи меже ғана емес, егемен Қазақстанның жылнамасындағы маңызды бір белес деп есептейтінін айтты.«Нұр Отан» құрылған күнінен бастап ел ісімен етене айналысып, сындарлы сәттерде сыр бермей, тағдыр шешті кезеңдерде тұғырында тік тұрып, өзінің ел алдындағы жауапкершілігін жете түсініп, сайлауалды бағдарламаларындағы уәделерін толықтай орындап келе жатқан бірден-бір саяси ұйым. Сондықтан да сайлаушылар әрқилы кездерде, түрлі қиыншылықтарға кезіккен шақтарында «Нұр Отан» партиясына арқа сүйейді, табан тірейді. Саяси ұйым бұл сенімді толығымен ақтау үшін жұмыс істеп келеді»,-деді аймақ басшысы.
Партия отырысында Мемлекет басшысының «Бақуатты қоғам - онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасы бойынша тапсырмаларын орындау мәселелері талқыланды.
«Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде партия Төрағасы, Елбасы жаңадан жасақталған Үкіметке, әкімдерге нақты тапсырма жүктеп, олардың орындалу жоспарын, іске асыру тетіктерін қолмен қойғандай көрсетіп берді. Нұрсұлтан Әбішұлы құрылтай үстінде «Мен халқымның болашақта емес, қазір бақытты өмір сүргенін көргім келеді» деген жүрекжарды тілегін жеткізді. Олай болса, Елбасы тілегі мен елдің мүддесі үшін барша партиялас әріптестер, тұтас атқарушы билік күн демей, түн демей, тынбай, талмай еңбек етуі керек. Өйткені біз елдігіміз сыналар, ерлігіміз байқалар сындарлы сәтте тұрмыз. Осы істе баршаңызға күш-қайрат, мол қуат, ел ісіне беріктік танытар мінез, халқымызды бақ пен берекеге, ырыс пен ынтымаққа бастар жігер тілеймін!»-деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі 27 ақпанда Астана қаласында өткен XVIII съезде Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуге, алдағы 7 жылда 40 мыңға жуық жалдамалы пәтерлер салуды, республикалық бюджеттің 45 пайызын әлеуметтік салаға бағыттауды тапсырғанын атап өтті. Айта кету керек, Қызылорда облысында бюджеттің 60 пайызы әлеуметтік қажеттіліктерге бөлінген. Ал соңғы 4 жылда облыс орталығында барлығы 15 жаңа тұрғын үй ауданы салынды. Республикада әлеуметтік саланы қаржыландыру бойынша облыс көш бастап тұр.
Бүгін "Нұр Отан" партиясының қатарына қабылданған 11 адам партия билеттеріне, партияның 9 белсенді мүшесі облыс әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.