Қызылордада Алғыс айту күні аталып өтті
Достық үйінде Алғыс айту күніне орай мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, бұл мереке 2016 жылы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен бекітілген болатын.
Достық үйінің фойесінде "Алғысым шексіз" атты стенд орнатылып, мерекелік шараның қонақтары лебіздерін жазып қалдырды. Сондай-ақ, ізгі тілектерін арнайы жәшіктерге салды. Мектеп оқушыларының суреттерінен көрме ұйымдастырылды.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев қызылордалықтарды Алғыс айту күні мерекесімен құттықтады.
«Бұл күн - тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына ризашылығын білдіру арқылы бір-бірімізге деген алғаусыз құрметіміз бен сыйластығымызды арттыратын күн. Сонымен бірге, көктемнің алғашқы күні – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Төрағалық жасайтын еліміздегі қоғамдық маңызы аса жоғары екі саланың, дәлірек айтсақ, құрылғанына бүгін 20 жыл толған «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Осы ретте, Сыр елінің, Арал өңірі тұрғындарының өзекті мәселелерін әрдайым қолдап, тікелей қамқорлығына бөлеген Мемлекет басшысы, партия мен Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғысымыз шексіз!»-деді аймақ басшысы.
Мереке қарсаңында Мәскеуде тұратын бұрынғы қызылордалықтар – Виталий Брынкин, Татьяна Лавасас және Владимир Каширин бейнетүсірілім арқылы өздерінің ізгі тілектері мен ризашылықтарын жеткізді.
«Қадірлі қызылордалықтар, сіздерге зор алғысым мен ілтипатымды білдіргім келеді. Қызылорда облысының құрметті азаматы атану - мен үшін үлкен мәртебе»,-деді Виталий Брынкин.
Сонымен қатар, К. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясында оқитын студенттер - Жоламан Шапағат, Сұлтанғали Аслан және Шаһзада Үстем де жылы лебіздерін жеткізді.
«Аймақ басшысына алғысымыз шексіз, бізге арманымыздағы мамандығымызды меңгеріп, мақсатымызға жетуге ықпал еткеніне ризашылығымызды білдіреміз»,-деді Шаһзада Үстем.
Мерекеге орай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары-Наталья Жұмаділдаева мен Геннадий Шиповских өз құттықтаулары мен туған жеріне алғыстарын жолдады. Сондай-ақ, өңірлік "Орда" бағдарламасы аясында баспаналы болған жас маман С. Рахметов жүрекжарды қуанышымен бөлісті. Қалыптасқан игі дәстүр бойынша облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері тәуелсіз Қазақстанда бейбіт және берекелі өмір сүріп жатқандығы үшін алғыстарын айтты.
Іс-шара мерекелік концертке ұласты.