Еліміз Иранға күріш экспорттайды
Қызылорданың күрішіне ирандықтардан сұраныс артып отыр, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Екі ел арасындағы бұл саладағы ынтымақтастық 2016 жылы басталған. Қазақстан мен Иран Президенттері Тегеранда кездесіп, 37 меморандумға қол қойған еді. Солардың бірі – ауыл шаруашылығында серіктестік орнату. Бір жылдан кейін Иранға жұмыс сапарымен қазақстандық шаруалар келіп, Гүлістан мен Мазендаран аймақтарындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Келіссөздер нәтижесінде мал шаруашылығы мен күріш өсіру бойынша екіжақты келісімдер жасалды. Жақын арада Иран дүкендерінің сөрелерінде Қызылорда алқабында өсірілген күріштің «таром хашеми» сұрпы пайда болады. Былтыр Иран қазақстандық шаруаларға дәндерін егуге тапсырыс берген. Жалпы, Иранға күрішті Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд, Үндістан мен Ирак жеткізіп жүр.
«Бұл жергілікті тұрғындардың тұтынатын негізгі азық-түлігі болғандықтан, біздің өнімге сұраныс жоғары», – дейді сарапшылар.
Экспортпен Қызылорда облысының шаруалары айналысады. Су тапшылығына қарамастан, олар былтыр мол өнім жинаған. Барлығы 473 мың тонна.
«Иран ауа райы қуаң және жартылай қуаң аймақтардың қатарында. Осыған байланысты тек Каспий теңізі аймағында күріш өсіре аламыз. Бірақ оның мөлшері ішкі нарқымызға жетпейді. Сол себептен «таром хашеми» күрішінің дәндерін көрші елдерге, Ресей мен Қазақстанға тапсыру шешілді. Ең жақсы өнім сіздердің елдеріңізде шыққан, өйткені ауа райы Каспий маңына ұқсас. Ауыл шаруашылығы министріміздің орынбасары бірнеше рет Қазақстанға барып, күріш экспорты жөнінде келіскен», – дейді Иран ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңесшісі Мохаммад Хоссейн Ансари Фард.
«Таром хашемидің» 60 тонна көлеміндегі сынама партиясы Иранға 2018 жылы жеткізілген. Биыл 500 тонна экспорттау көзделіп отыр. Бір келісінің бағасы – 810 теңге, бұл кәдімгі күріштен 4 есе қымбат.
«Ауа райы ұқсас болғандықтан, «таром хашеми» күріші Қазақстанда жақсы өнім берген. Мамандарымыз осы мәселеде елдеріңізді бұрыннан қарастырып жүрген. Бұл сіздердің шаруаларыңызға да, біздің тұтынушыларға да тиімді. Бізге жоғары сапалы өнім қажет, ал қазақстандық шаруалар осындай сапаны беріп отыр», - дейді биология зертханасының аға ғылыми қызметкері Айдин Фадакар.
2020 жылы қазақстандық күріштің экспорты артуы мүмкін, бұл Иранның өзге елдерден тәуелділігін азайтпақ. Ал болашақта Иран тіпті басқа иморттаушылардан бас тартып, сапалы өнімді жеткізетін Қазақстанға басымдық беруі ықтимал.