Қазақ халқына мың алғыс жауатын күн
Қазақ: «Адамның күні – адаммен», - дейді. Адамдар белгілі бір қауымдастықта өмір сүруі үшін өзара ынтымақта, бірлікте болуы керек. Ал оның бастауы – адамгершілік.
Халықтық дүниетанымда адамгершілік дегеніміз – адамды қадірлеу, сыйлау, сену, ар-ұятты сақтау, имандылық пен рақымдылық, ізеттілік пен кішіпейілдік, әділдік, қанағатшылдық т.б.. Ата-бабаларымыз өзінің тұрмыс-тіршілігінде осы қағидаларды өзінің ұрпағының құлағына құйып, санасына сіңіре білген. Сондықтан да бұлар ұлы дала адамдарының ұлттық болмысы мен мінез-құлқын қалыптастырып, өмір сүру салтына, басты заңына айналған. Адамгершіліктің осы аталған және аталмаған қағидалары қазақ қоғамның әлеуметтік-мәдени дамуының жемісі екендігін көрсетеді.
Осы қағидаттарды туғызған және ұстанған халық ешқашан біреуге жалтақтамай, не біреудің ала жібін аттамай әр уақытта тәуелсіз өмір сүрген, өзінің ұлылығын мойындата білген. Соның бір айғағы – кешегі зұлмат жылдарда талай жұрттың баласын бауырына басып, қамқорлығына алуы, қонақжайлық көрсетуі. Міне, қазақ халқының осы дархан мінезі мен қасиет тұтатын адамгершілігіне алғыс айтатын күн туды. Бұл Елбасы Жарлығымен 1 наурызға белгіленді. Бұл - тағдыр тәлкегімен елімізге еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына, оның адамгершілігіне терең тағызым ету күні. Қазақ ұлтына мың алғыс жаудыратын күн. Меніңше бұл мерекені адамдардың басқа қарым-қатынастарымен (мысалы, ата-анасына алғыс айту, ұзтазына, шәкіртіне, досына т.б.) алмастырмау керек. Ондай алғысты адамдар бір-біріне күн де айтса да артық емес. Ал бұл мерекеге саяси-қоғамдық, әлеуметтік-рухани мән берген жөн. Бұл алдымен қазақты қазаққа танытуды, өзге этностардың ел иесі, жер иесі қазаққа деген құрметін арттырып, бейбітшілікте, бірлікте қатар өмір сүруді үйретеді.
Аман АБАСИЛОВ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры