Қызылордада халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті
Қызылордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы, мәдениетіндегі алар орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Рухани жаңғыру» орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конференцияға шетелдік және отандық түркітанушы ғалымдар қатысты. Ең бастысы – конференцияға қатысушы ғалымдардың барлығы дерлік Сыр өңірінің тарихын, ежелгі дүниесін зерттеушілер.
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы конференция қонақтары мен зиялы қауым өкілдеріне «Архив-2025» бағдарламасы аясында көне кітаптар көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде бүгінгі күнге дейін зерттелмеген немесе аударылмаған көне ғылыми еңбектер таныстырылып отыр.
Ғылыми конференцияда сөз алған профессор, филология ғылымдарының докторы Хулия Касапоглу «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бүкіл түркі халықтарына арналғандығын айтты.
«Елбасы Н.Назарбаев - бүкіл түркі жұртының көшбасшысы. Біз де рухани жаңғырып жатырмыз. Ақмешіт астана болған кезеңде Алаш қайраткерлерінің алғашқы кітаптары осы жерде жарық көрген. Міржақып Дулатұлы іздеп келген, қиналған шәкірттеріне жалақысынан қаржы беріп отырған екен. Сыр өңірі - Алаш қайраткерлерінің атамекені. Оян, қазақ - бүкіл түркі жұртына арналған сөз! Ояныңдар, қазақ! Оян, түрік!», - дейді профессор, филология ғылымдарының докторы Хулия Касапоглу.
Жиында баяндама оқыған отандық және шетелдік ғалымдардың барлығы дерлік Сыр өңірінің тарихы мен мәдениеті жайлы сөз етті.
Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент қалашығын Германияның Тюбинген университетінің профессоры Генрих Харке бастаған ғалымдар зерттеуде.
«Жанкент қаласының тарихы сонау 7 ғасырдан басталады. Жанкентте бірнеше этностар өмір сүрген. Қаладан үш түрлі мәдениеттің болғанын айғақтайтын бұйымдар табылды. Алдағы уақытта Жанкент қаласының сыртқы жағы зерттелмек. Жанкенттен көптеген аңдардың сүйектері табылды. Орта Азиядағы ең алғашқы мысықтың сүйегі болып табылады», - деді Германияның Тюбинген университетінің профессоры Генрих Харке.
Айта кетейік, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы көне тарихи деректерді жинақтауды бастады. Қазіргі таңда орталық мамандары Жүсіп Баласағұнның «Құтағду білік» дастанының 3 нұсқасы, «Қорқыт ата кітабының» Ватикан, Дрезден нұсқалары, қазақ хандарының қолжазба хаттары, Қалжан ахун медресесінен табылған көне кітаптарын жинақтап, оларды аудару және түсіндірме сөздігін жасау жұмыстарымен айналысуда. Алдағы уақытта аталған еңбектердің электронды және баспа түріндегі жинағы жарыққа шығады.