Әр отбасының мәселесі – мемлекеттің мәселесі
Кеше ғана барлығымыз тарихи сәттің куәсі болдық. «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елдегі түйткілді мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Басты назар көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған тұрғындарды қолдауға бағытталды.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы халықтың әл ауқатын арттыру мен тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталатын басымдықтарды айқындап берді. Көп балалы және аз қамтылған отбасыларына жасалатын қолдауды жіктеп, атқарылатын шаралар бойынша нақты тапсырмалар берді.
Оның ішінде:
- тұрмысы төмен отбасыларға, әсіресе көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен 70 пайызға дейін арттыруды;
- Көп балалы отбасындағы әр балаға берілетін жеке әлеуметтік көмек көлемін кем дегенде 21 мың теңгеге дейін көтеруді;
- Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршылар мен отбасыларға жәрдемақыны 30 пайызға көтеруді тапсырды.
Әлеуметтік саясат үш бағытта дамитын болады:
• Біріншісі - тұрмысы төмен отбасылардың әлеуметтік жағдайын көтеру;
• Екіншісі - табысы төмен отбасылардың баспана мәселесін шешу, білім беру денсаулық сақтау саласын дамыту;
• Үшіншісі өңірлердің кешенді түрде дамыту жұмысын жалғастыру.
Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында отбасының барлық кіріс көзі есепке алынып, көптеген азаматтар көмек түрін ала алмай қалса, ендігі жерде көп балалы аналардың, мүгедек балалардың алатын жәрдемақысы, студенттердің стипендиясы есепке алынбайтын болады.
Осының барлығы аз қамтылған отбасыларының әлеуметтік көмекпен кең көлемде қамтылуына мүмкіндік береді.
Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында аймақтарда кешенді жұмыстар жүргізу басталды.
Аймағымызда халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз тобына жататын 125 мыңнан астам азаматтар бар. Оның ішінде 36 мыңдай көп балалы ана бар.
Өткен жылы облыс бойынша бюджеттен 40 мыңнан астам аз қамтамасыз етілген азаматтарға 1,8 млрд. теңгеге әлеуметтік көмек төленді.
Коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге 7735 отбасына 383,2 млн.теңгеге тұрғын үй көмегі төленді.
Жергілікті өкілетті органдардың шешімімен жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 34 мыңнан астам адамға 1,3 млрд. теңгеге әлеуметтік төлемдер көрсетілді.
Талғат ДҮЙСЕБАЕВ,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және
әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы