Халықпен байланыстың мықты жүйесі жасалады
Президент съезде ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, әсіресе тұрмысы төмен, аз қамтамасыз етілген, сондай-ақ көпбалалы отбасы мүшелерінің өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы нақты шараларды жария етті. Осы мақсатқа бюджеттен және Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінеді.
Осы орайда партияға үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Елбасы партияның жергілікті бастауыш ұйымдары тұрғындардың күнделікті мәселелерін шешуге белсене атсалысатын болады деді. Бүгіннен бастап жүзеге асырыла бастайтын "Халыққа көмек" жобасы көмекке келеді. Ал, әкімдерге көмекке мұқтаж отбасыларына арналған өңірлік бағдарламаларын қайта қарап, партияның "Бақытты отбасы" жобасымен ыңғайластыруды тапсырды. Ол Қазақстандағы отбасы институтын жүйелі түрде қолдауға бағытталған.
Қазіргі таңда қоғамның өзекті мәселелеріне мемлекеттік органдардың назарын аудару аса маңызды. Сондықтан тұрғындармен байланыстың мықты жүйесін жасау қажеттігіне назар аударды. Бұл жүйе тұрғындарға көмек көрсетуде "осы жерде және қазір" қағидаты бойынша жұмыс істейтін "бір терезенің" міндетін атқаруы тиіс. Осы мәселеде бюрократтық созбалаңдыққа салуға тіпті де жол берілмеуі керек. Бұл талап тек мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерге ғана емес, сонымен бірге волонтерлер мен кәсіпкер-меценаттар көрсететін адрестік көмектерге де қатысты болмақ. Мемлекет басшысы "Нұр Отанның" барлық филиалдары осы бағытта жұмысты күшейтуі қажеттігін атап өтті. Партия халықтың барлық бөлігінің мүддесін қорғаушы ретінде мемлекет пен халық арасын жалғастыратын негізгі буынға айналуы тиіс.
Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ,
"Нұр Отан" партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары