«Құтадғу білік» кітабының жазылғанына - 950 жыл
Биыл «Құтадғу білік» кітабының жазылғанына 950 жыл толды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы бүгін Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығында өткен Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі алар орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда айтылды. Ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында өткізілген конференцияға Сыр өңірінің тарихын зерттеуші шетелдік және отандық түркітанушы ғалымдар қатысты.
Бұл шара ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында түркі дүниесіне ортақ рухани мұраны зерттеу, қазақ тарихына қатысты шетелдік мұрағаттарда сақталған тың деректерді жинақтау, сол арқылы жас ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртуды мақсат етіп отыр.
Конференция басталмас бұрын ең алдымен «Архив-2025» бағдарламасы аясында көне кітаптар көрмесін ұйымдастырылды. Көрмеде бүгінгі күнге дейін зерттелмеген немесе аударылмаған көне ғылыми еңбектер таныстырылды.
Көрмеге келген қонақтар қалалық музеймен танысып, оң пікірлерін білдірді.
Кез келген халықтың жазба мұралары – сол елдің құнды дерегі, сол халықты танытатын тарихы. Сондықтан да ұлттың бәсекелік қабілетін арттыруда тарихи жадымызды жаңғыртудың маңызы зор.
Осы мақсатта облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы көне тарихи деректерді жинақтауды бастады. Қазіргі таңда орталық мамандары Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» дастанының 3 нұсқасы, «Қорқыт ата кітабының» Ватикан, Дрезден нұсқалары, қазақ хандарының қолжазба хаттары, Қалжан ахун медресесінен табылған көне кітаптарын жинақтап, оларды аудару және түсіндірме сөздігін жасау жұмыстарымен айналысуда. Алдағы уақытта аталған еңбектердің электронды және баспа түріндегі жинағы жарыққа шығады.